24 қыркүйекте Мәжіліс мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ринат Зайытов мәдени-бұқаралық іс-шараларда фонограмма қолдануға байланысты талаптар қатаңдатылғанын мәлімдеді. Айтуынша, құжатта заңсыз фонограмма қолданғандарға жауапкершілік қарастырылған.
«Жаппай тыйым салу емес, тек 200 адамнан жоғары сыйымдылығы бар мәдени бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдар болатын болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі. Басқа жерде ең бірінші көрерменнің, тұтынушының мүддесі алда тұрады. 25-50 мыңға билет алған көрермен «аузын жыбырлатқан әншіні тыңдау керек» деген қағида болмау керек. Барғаннан кейін әншінің концертке деген дайындығын, деңгейін көруге құқылы деп ойламын»,—деді ол.
Депутат заңды бұзып, фонограмманы қолданған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін екенін жеткізді.
«Ұйымдастырушы – сол әншімен келісімшартқа отыратын, сахнаны жалдайтын, билетті сататын тұлға. Сондықтан жауапкершілік те сол тарапқа жүктелуі керек. Қазір бұл нормаға сәйкес, айыппұл көлемі 1 000 АЕК (шамамен 3,5 млн теңге) болуы мүмкін деген ұсыныс қаралып жатыр»,– деп толықтырды Зайытов.