Лондондағы жүздесу. ІІІ Карл патша Трампты ерекше құрметпен қарсы алды

1219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eyBWeRA16omICzEuqXzJvrCRHkdBwq6FcHb4Qxkw.webp

Бүгін, 17 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға жұмыс сапарымен барып, британ монархы ІІІ Карл патшамен кездесті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл – Трамптың президент ретінде Ұлыбританияға жасаған ең жоғары деңгейдегі екінші сапары.

Лондондағы Станстед әуежайында Трамп пен оның жұбайы Меланияны әуе күштерінің әскери қызметкерлері мен Ұлыбритания шенеуніктері, соның ішінде сыртқы істер министрі Иветт Купер қарсы алды.

Лондон маңындағы Виндзор қамалында АҚШ басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оған 1000-нан астам әскери мен 120 жылқы қатысқан. Трамптың патшамен және корольдік әулет мүшелерімен әңгімесінен кейін салтанатты банкет ұйымдастырылған.

The Guardian газетінің жазуынша, Ұлыбритания билігі Трампқа көрсетілген құрмет Лондон мен Вашингтон арасындағы экономика мен қауіпсіздік саласындағы одақтастықты нығайтуға көмектеседі деп үміттеніп отыр.

Десе де, бірқатар британдық белсенді мен қоғам қайраткерлері Трамптың сапарына қарсы наразылық танытуда. Лондон мэрі Садик Хан Трамптың саясаты «қоғамда араздық тудырады» деген мәлімдеме жасады.

Айта кетейік, Трамп пен премьер-министр Стармердің келіссөздері бейсенбі күні өтпек. Күн тәртібінде сауда мәселелері, ХХІ ғасырдағы озық технологиялар, атом энергетикасын дамыту, Украина мен Газа секторындағы жағдай мәселелері бар.

Комментарии
Другие материалы