Жолдау: Жүктелген міндет, жүзеге асар іс

2186
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rLnYNXMZiJAFdamnQhN6hasXuGH9ADT2gTLKRPFK.jpg
Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған кеңес отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма мен департамент басшылары, қала және аудан әкімдері, агроқұрылымдар өкілдері, саяси партиялар жетекшілері мен қоғам белсенділері қатысты.
Кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттары талқыланып, нақты тапсырмаларды орындау жолдары пысықталды. Жолдауда атап көрсетілген 7 негізгі бағыттың әрқайсысы – ел дамуындағы маңызды қадам.

Әлеуметтік әділеттілік – басты қағида

Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, Президенттің әлеуметтік саясатқа ерекше мән беруі – құптарлық іс.
– Мемлекеттік әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс. Бұл – қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігі. Өкінішке қарай, соңғы кезде кейбір азаматтар жәрдемақыны тұрақты табыс көзіне айналдырып отыр. Мұндай жағдайлар қоғамдағы жауапкершілік дағдарысын көрсетеді, – деді Мұрат Мұқаев.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылы облыстық бюджеттен әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға 20 млрд теңгеден астам қаржы, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмекке 2 млрд теңге бөлінеді. Бұл – өңір бюджетінің әлеуметтік салаға жұмсалатын елеулі үлесі.

Инвестиция – экономикалық өсім кепілі

Президент Жолдауда инвестициялық саясаттың жаңа бағытын айқындап берді. Яғни, инвестицияның басым бөлігі шикізат емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Мәселен, 2024 жылы облыстағы инвестициялар көлемі 749,9 млрд теңгеге жетіп, оның 72,6 пайызы жеке инвестициялар құрады. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеге 73 ірі жоба жүзеге асырылады.
БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешева инвестиция тартуда туындайтын бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, жер қатынастары, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, субсидиялау және салық салу мәселелері инвесторлар үшін басты түйткіл болып отыр.
Цифрландыру – жаңа мүмкіндіктер
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде цифрландыру деңгейі 96 пайызға жеткен. Цифрлық технологиялар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол және су саласына дендеп енуде. Мәселен, Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ студенттері жасанды интеллектіні дамыту бағытында белсенді жұмыс істеуде.
«АгроСервис-Батыс» ЖШС директоры Армат Бисенов агросалада жасанды интеллектінің қолданылуы туралы баяндаса, «Қазсушар» РМК филиалының директоры Рауан Құсайынов су ресурстарын цифрландыру бағытындағы жұмыстармен бөлісті.

Өңдеу өнеркәсібі – басты назарда

Жиын барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев инвестициялық жобаларға қатысты нақты тапсырмалар берді. Ол, әсіресе, өңдеу өнеркәсібін қолдауға баса назар аударды.– Жоғары қосылған құнды өнім шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, экспорттық әлеуетін арттыру керек. Өнімдерді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау мен шетел нарығына ілгерілету – басты міндет. Сонымен қатар, индустриялық аймақтардың жағдайын саралап, олардың әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, әкім ауыл шаруашылығын дамыту, айналымға қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану, су қоймаларын қалпына келтіру мәселелерін де көтерді.Кеңес отырысында айтылған ұсыныстар мен берілген тапсырмалар – өңірдің даму қарқынын жеделдетуге бағытталған нақты қадамдар. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау – әрбір сала жетекшісінің, әрбір мемлекеттік органның басты жауапкершілігі. Ал осы бағыттағы табысты жұмыс – елдің өркендеуіне үлес қосады.
Комментарии
Другие материалы