Күмәнді төлем мен жәрдемақы алып тасталады - Премьер

1654
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Q29QoGqTWjPq9Yijcb4TMs4gpwlOOZw8E2HjMDL0.jpg

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне биылғы 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірге арналған бірыңғай стандартын дайындауы қажет. Барлық күмәнді әрі тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін нақты шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс», – деді ол Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, премьер цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы мемлекеттік қызметтерді бақылаудың жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Бектенов 1 қарашаға дейін еңбек министрлігі жанынан әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосуды тапсырды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін заң жобасын жеделдетіп келісу міндеттелді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкімет соңғы он бес жыл бойы масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты қолдап келгенін сынға алған еді.

Комментарии
Другие материалы