2025 жылдың шілдесінде Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин 1,8%-ға, дизель отыны 1,2%-ға қымбаттады. Бұл туралы Kazenergy – Қазақстанның мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
«Шілде айында ең көп қымбаттаған – АИ-92 бензині (1,8%), ал дизель отыны 1,2%-ға өсті. Жылдық көрсеткіш бойынша көшбасшы – жазғы дизель: +7%», делінген жұма күні жарияланған хабарламада.
Мәліметке сәйкес, маусым айында жанармайдың орташа бағасы былай болды:
– АИ-92 – 210 теңге/литр
– АИ-95/96 – 265 теңге/литр
– АИ-98 – 302 теңге/литр
– дизель отыны – 310 теңге/литр
Бір жыл бұрын бағалар жанармай түріне қарай 8-17 теңгеге төмен болғаны көрсетілген.
Сонымен қатар, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда бензин мен дизель отынын өндіру көлемі рекордтық деңгейге жетті. Сәйкесінше 3,1 млн және 3 млн литр. Бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,3% және 16,9%-ға көп.
Еске салсақ, 2025 жылдың ақпанынан бастап бензин бағасы еркін айналымға жіберілген болатын.