2019 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының ұшағына байланысты қылмыстық іс қайта тергелетін болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы көлік министрі мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, авиация саласында мұндай оқиғалар сирек емес, және олардың себебін нақты анықтау көп жағдайда ұзақ әрі күрделі үдеріс. Авиациялық апаттарға қатысты тергеу жұмыстары ұзаққа созылады. Қазіргі уақытта барлық қажетті құжаттар дайындалып жатыр", – деді министр Нұрлан Сауранбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Сауранбаев тілшілердің “Аталған компанияға қатысты қылмыстық іс қайта тергеле ме?” деген сауалына нақты “иә” деп жауап берді.
2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат 7:20 шамасында Алматы – Нұр-Сұлтан бағытында ұшуға арналған Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріле сала радардан жоғалып кеткен. Кейін ұшақ Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырағаны белгілі болды. Бортта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.
Ұшақ апаттан кейін жерге соғылып, сырғанай отырып жақын маңдағы ауыл шетіндегі екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Апаттан кейін Bek Air компаниясының барлық Fokker-100 әуе кемелерінің қызметі тоқтатылды.