"Ерікті болу - менің қоғам алдындағы азаматтық борышымның өтелуі". Алматы еріктісімен сұхбат

3781
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nxLgGKPl8QX5w0bpiUYGlxaTN8F2z2F4ASzbNNpM.jpg

Ерікті болу – жүректің ісі. Ол үшін үлкен жүрек пен шексіз мейірім, шынайы жанашыр болмыс болуы тиіс. Кез келген жанның бойынан табыла бермейтін "жанашырлық", "ізгілік" дейтін асыл қасиеттерге ие ерікті жандар, бүгінгі азаматтық қоғамның айнымас бөлшегі. Олар ел үшін білек сыбана еңбек етіп қана қоймай, қоғамның "адам" деңгейіндегі асыл істерін атқарып жүр. Сондай жандардың бірі, “Алматы еріктілер лигасының” белсенді мүшесі, жас әрі алғыр Айжан Маратқызы өзінің ерікті ретіндегі азаматтық позициясы жайлы "Адырна" тілшісіне әңгімелеп берді. 

“Жақсылық – адамның табиғи болмысы”

Айжан еріктілер қатарына кездейсоқ қосылмаған. Ол “ЕХРО-2017” көрмесіне қатысқысы келгенімен, жас мөлшеріне байланысты іріктеуден өте алмаған. Алайда бұл оны тоқтатқан жоқ. Керісінше, ізденіс жолына түсіп, Алматыдағы “Еріктілер лигасына” қосылады. Содан бері қоғамдық шаралардың бірде-бірінен тыс қалып көрмепті.

“Ерікті болу – өзіңді қажет сезіну. Ешкімнің қысымынсыз, шынайы ниетпен әрекет ету – еріктінің басты қасиеті. Меніңше, бұл – қоғамға деген жауапкершіліктің көрінісі”, – дейді Айжан.

Айтуынша, ерікті дегеніміз – ақы күтпей, адал қызмет ететін жан. Қайырымдылық, көмек көрсету – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрі. Бұрынғы “асар” салты – бүгінгі еріктіліктің тамыры десек қателеспейміз.

"Алматы марафонынан – балалар үйіне дейін"

“Еріктілер лигасы” – бүгінде он мыңға жуық белсенді жасты біріктіріп отырған ірі платформа. Ұйым бес бағытта жұмыс істейді: әлеуметтік, білім беру, экологиялық, денсаулық сақтау және жеке даму. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ – мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін қоғамға үлес қосып жүр.

Айжан үшін ең есте қалған шара – Алматы марафоны. Ол мұндай ауқымды жобаларда волонтер болу – шынайы рух пен ұйымшылдықтың сыналар сәті екенін айтады.

“Иә, біз тегін жұмыс істейміз. Кейде біздің еңбегіміз көрінбеуі де мүмкін. Бірақ ерікті болу – көзге түсу емес, жүрекпен сезіну”, – дейді ол.

Жақында Айжан өзі бастаған алғашқы жеке жобасын іске асырыпты. “Стань старшим другом” деп аталатын бұл бастама балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің арманына жол ашуды мақсат етеді.

“Музейге апарған күн – мен үшін үлкен жеңіс болды. Ұзақ ізденіп, келісіп, сенім артуға көндіре алмай, кейде тіпті жылаған сәттерім де болды. Бірақ балалардың жүзіндегі қуанышты көріп, бар қиындық артта қалғандай болды”, – дейді Айжан.

Мемлекет пен қоғамнан қолдау бар ма?

2020 жылы Қазақстанда “Еріктілер жылы” жарияланғаны белгілі. Айжанның айтуынша, бұл еріктілер қозғалысына серпін берді. Студенттер үшін бірқатар қолдаулар енгізіліп, волонтерлік еңбек ақылы қызметке де айнала бастады.

“Министрлік сағатына 1000 теңге көлемінде ақы белгіледі. Бұл – тек табыс көзі емес, ең бастысы – жастарға үлкен мотивация. Көпшілігі ерікті бола жүріп, өз бағытын тауып, жаңа достар табады”, – дейді ол.

Қоғам көзқарасы – екіұшты

Айжанның пікірінше, Қазақстанда волонтерлік мәдениет қалыптасып келе жатса да, қоғамның бір бөлігі бұл қызметтің мәнін әлі толық түсінбей келеді.

“Кейде шараларда бізге ауыр сөздер айтылып жатады. Бірақ біз ренжімейміз. Өйткені біз жақсылық жасауға ұмтыламыз. Қоғамнан үнемі күтуді доғарып, өзіміз үлес қоса бастасақ, бәрі өзгереді”, – дейді ол сеніммен.

“Еріктілер – қоғамның үнсіз қаһармандары”

Айжан Мамеш – бір ғана ерікті. Бірақ оның жүріп өткен жолы мыңдаған жастың арманына жол аша алады. Бүгін ол – ерікті. Ертең – көшбасшы. Қоғамды өзгерту үшін үлкен лауазым керек емес. Кейде жылы сөз бен кішкентай көмек те үлкен өзгеріске бастайды. Ал Айжан сол өзгерісті бастауға дайын жандардың бірі.

Комментарии
Другие материалы