Ақтауда автобус жүргізушілері ереуілге шықты (ВИДЕО)

2316
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qQ7LiIx8yjCsQEP4rAwPLr84tEPLqPubIy2QdmP1.jpg

Бүгін, 21 шілде күні Ақтау қаласында және оған жақын аудандарда қалаішілік және қалааралық бағыттарда қатынайтын автобус жүргізушілері ереуілге шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Олар жалақыларын көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды және өздерін әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

Көлік жүргізушілердің 80%-дан астамы ереуілге қосылды. «Caspian Trans Corporation» мен «Каспий Авто Парк» компанияларының басшылығына, сондай-ақ әкімдік, еңбек инспекциясы және прокуратураға бірнеше рет жүгіндім. Бірақ ешқандай жауап болған жоқ»,—дейді акцияға қатысушылардың бірі.

Ереуілшілер жүргізушілердің жұмысты түнге дейін аяқтап, таңғы төртте қайта тұрып, қайта жұмысқа шығатынын мәлімдеді. Айтуларынша, бұл жағдай жүргізушілердің қатты шаршауына және жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне себеп болып отыр.  Олар кейде рөлде отырып қалғып кететін жағдайлар болатынын да жеткізді.

«Айлық жалақыны алу үшін есепшіге жалынуға тура келеді. Ауырған күндер ақысы төленбейді. Жұмыс жағдайы жасалмаған. Дәрет алатын жер де жоқ»,—дейді жүргізушілердің бірі.

Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, автобус жүргізушілерінің ереуіліне байланысты жағдайды анықтап, шешу үшін әкімдік тарапынан жедел жұмыс тобы жасақталып, оқиға орнына барған.

Жұмыс тобы мен жұмыс беруші тарап жүргізушілерге қолданыстағы заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары қарастырылатынын мәлімдеген.

Жүргізілген екіжақты келіссөздер нәтижесінде автобустар сағат 11:00-де қалыпты кесте бойынша қайта жолға шыққан.

Комментарии
Другие материалы