Өзбекстанда 300-ге жуық шенеунік қызметінен кетті

5191
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qyRmn4oAtbET1heiBdcAnlApvYMJbQ1fnaUYq88a.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жарлыққа сәйкес, президент әкімшілігі мен оған бағынышты құрылымдарда штат саны оңтайландырылып, 284 лауазым қысқартылды. Одан бөлек, қайталанатын қызметтер жойылып, функциялар қайта бөлінді. Бұл шешім «Мемлекеттік басқару жүйесінде тиімділікті, белсенділікті және нәтижелілікті арттыру шаралары туралы» президент жарлығымен бекітілді.

Құжатта әкімшілік жұмысының білім беру, денсаулық сақтау, су ресурстары, стратегиялық даму және сыртқы саясат сынды бес басым бағыты көрсетілген. Осы салалардағы реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін президент әкімшілігінің құрылымына бес басшының орынбасары лауазымы енгізілді.

Сонымен қатар стратегиялық даму және сыртқы саясат жөніндегі жаңа кеңесші лауазымдары құрылды. Қаржылық технологиялар, цифрландыру мен жасанды интеллект, креативті экономика мен туризм, қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігі салаларына жауапты департаменттер ашылды. Одан бөлек, аймақтық сапарлар мен жиналыстарға дайындық, аналитикалық материал әзірлеу және коммуникация бағытында жаңа бөлімшелер жұмысын бастайды.

Мирзиёевтің мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі жаңа жарлығы аясында Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі таратылып, оның негізінде Ұлттық контент өндіру орталығы құрылатын болды.

Жарлықта көрсетілгендей, енді барлық нормативтік-құқықтық акті мен жобалар президент әкімшілігі жанындағы аналитикалық институттардың ғылыми зерттеулеріне сүйене отырып, отандық және шетелдік сарапшылардың ұсыныстарын ескеру арқылы әзірленетін болады. Басым бағыттарды жүзеге асыру арнайы жобалық офистер арқылы іске асырылады.

Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Өзбекстанда жұмысқа жауапсыздығы мен салғырттығы үшін шаруашылық кешенінің 297 басшысы жұмыстан босатылған еді.

 

Комментарии
Другие материалы