Белгілі журналист,документалист Әлия Әшімнің Абай Құнанбайұлы туралы айтқан әзілі қазнетте қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол Instagram желісіндегі парақшасында Қарқаралыдағы Абай тоқтаған үйге барғанын айтқан. Ағартушы мен оның бірінші әйелі Ділдәнің бөлмесін аралаған журналист «Бұл — Абай мен Ділдә неткен бөлме» дейді.
Әлия Әшімнің бұл сөзі түрлі пікір қайшылығын туғызды. Журналист, сценарист Мариям Әбсаттар оның әрекетін сынға алды.
«Абай мен Алаш зиялылары туралы абайлап сөйлеу керек. Олар — ұлтымыздың паспортына айналған тұлғалар. Қай-қайсысы болсын хайпты көтермейді. Алаш жайлы орыстілді аудиторияға кең насихаттап жүр ғой деп Майя Бекбаеваға риза болушы едім. Ол «Қазақ қыздары оқымаған, надан болған соң сол тұстағы зиялылар өзге ұлттан қыз алған» деп тосын мінез танытып шыға келді. Екінші бір көңілім толып жүрген сіңлім Әлия Әшім еді. Ол да «Абай мен Ділдә неткен» деп пікір білдірді. Бір қызығы, сол қылығы үшін ұялып тұрған жоқ. Айналайын-ау, әке-шешең жайлы сондай сөз айтуға ұяласың ғой. Ол факт болса да, айтуға ұят, табу тақырып қой. Ал енді оның қасында Абай — қазақтың ұлы ақыны. Оған тіл тигізу ұлт намысын қорлау емес пе?»—деді БАҚ өкілі.
Ал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали еркін пікір білдірген адамның үнін өшірмеу керектігін айтты.
«Әлия – ұлтқа жаны ашитын, қазақ мәдениеті мен тарихына терең бойлаған, сан түрлі тың тақырыптарды қозғап жүрген талантты, ізденімпаз журналист. Оның жариялаған контенттері арқылы қаншама адам тың мәлімет алып, көкірек көзін ашып келеді. Сын айтуға болады. Бірақ қарғау, жек көру, қорлау – бұл біздің мәдениетімізге жат. Еркін пікір білдірген адамның үнін өшіру – өзіміздің өрісімізді тарылту. Келісіп жатсақ – құп! Келіспесек – пікірмен жауап берейік! Бірақ адамды таптау, жеке басын қорлау – жол емес»,—деді ол.