Қарт журналистің үйіне қатер төнді. Алаяқтар ҰҚК атын жамылып алдаған

1800
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vlkoRILhSwtJU99tvXlJiAGwbqwE7XqNUjii6eJF.jpg

Қарт журналист, профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылмақ, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы журналист Айбар Олжай желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, ардагер ұстаз кинодағыдай сценариймен алданып, жалғыз үйінен айырылып қалмақ.

Алаяқтар алдымен «Энергосбыт» өкілдері ретінде хабарласып, ЖСН, мекенжайы, пәтер нөмірі сияқты жеке мәліметтерін біліп алған. Кейін өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріміз деп таныстырған адам телефон шалып, «біреулер үйіңізді тартып алмақшы» деп қорқытып, үйін тез сатуға көндірген. «Ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотына саласыз» деген желеумен профессор үйін нотариус арқылы сатып, алған қаражатын алаяқтар жіберген курьерге табыстап жіберген.

Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Айбар Олжайдың айтуынша, Алматы қалалық Полиция департаменті бұл іске жіті назар аударуы тиіс. Сонымен қатар, журналист Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен істі жеке бақылауына алуды сұрайды.

Қазір Кәкен Қамзин Алматыдағы өз үйінде жалғыз. Ол пәтерін иемденіп алғандардың тарапынан төнген қауіпке байланысты үй ішінде баррикада жасап, өзін қорғауға мәжбүр. Айбар Олжайдың айтуынша, жаңа қожайындар түнде келіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатыр.

Комментарии
Другие материалы