Қазақстан Сыртқы істер министрі Моңғолияның жаңа премьер-министрімен кездесті

1425
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2dyJUre0k8KcODIbmr6DIanGOKZtjoeTPRVK3URI.jpg

Моңғолия премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мұрат Нұртілеу Моңғолияға ресми сапармен барды.

Кездесу барысында Премьер-министр Занданшатар Моңғолияның Орталық Азия елдерімен, соның ішінде стратегиялық әріптесі – Қазақстанмен қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Осы орайда ол автокөлік тасымалы, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм, мәдениет, білім, ғылым және ақпараттық технологиялар сияқты түрлі салалардағы өзара байланысты жандандыруға дайын екенін білдірді.

Тараптар екі ел арасындағы мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және шағын мен орта бизнес салаларында өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бұл аграрлық сектордың бай ресурстарын ескере отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

Кездесуде жаңа қысқа көлік бағыттары мен логистикалық дәліздерді құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл тауарлар мен өнімдердің түр-түрін кеңейтуге, сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам екіжақты сауда айналымын 500 миллион АҚШ долларына дейін арттыруға, тасымалдардың жылдамдығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өңірлік сауда мен ынтымақтастықты ынталандыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру арқылы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға және тереңдетуге дайын екенін растады.

Тараптар Моңғолия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған министрліктер мен ұйымдар арасындағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалап, осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Маусым айының басында жемқорлыққа қарсы наразылықтардан соң елдің бұрынғы премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ отставкаға кеткен. Наразылық шеруінде адамдар Оюун-Эрдэнэден 22 жастағы ұлының табыс көзін ашық жариялауды талап еткен. Оның қалыңдығы әлеуметтік желілерде қымбат сыйлықтардың суреттерін жариялаған: бриллиант жүзік, көлік және брендтік сөмке.

 

Комментарии
Другие материалы