Қазақстанда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтпейді. Бұл туралы бүгін, 26 маусымда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Парламент заңнамалық күн тәртібіне сәйкес жұмыс істеп жатыр. Қазір біз аса маңызды заңдарды қарап жатырмыз. Сондықтан мерзімінен бұрын сайлау өтеді деуге негіз жоқ»,—деді ол Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, қазіргі парламент 2023 жылы көктемде жасақталған болатын. Қазақстан парламентінің мерзімі — 5 жыл.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «парламент сайлауы мерзімінен бұрын болады» деген болжамдар бар екенін айтқан еді.
«Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Меніңше, парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді»,—деген болатын президент.