Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол қазіргі таңда Индонезия тарабының тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Қазір бұл істі Индонезияның құқық қорғау органдары қарап, тергеу жүргізіп жатыр. Шешім шыққан бойда бізге ресми түрде хабарланады. Өз тарапымыздан үнсіз отырған жоқпыз, елшілік, консулдарымыз жұмыс істеп жатыр»,—деді ол.
Вице-министр Қазақстан мен Индонезия арасында күдіктілермен алмасу бойынша келісім жоқ екенін жеткізді.
«Бұған дейін мұндай жағдайлар болған жоқ, сондықтан тәжірибе тұрғысынан қол қоюға немесе қандай да бір құжат қабылдауға қажеттілік болған емес. Ал қазір ондай қажеттілік туындап отыр, сондықтан бұл үдеріс жеделдейді деп ойлаймын»,— деді Бақаев.
Еске салайық, бұған дейін Индонезия билігі елде 2 айлық операция барысында есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен 285 адамның тұтқындалғанын мәлімдеген еді. Ұсталғандардың арасында 2 отандасымыздың бар екені белгілі болды. Индонезияда есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған. Қазіргі кезде 530 адамды өлім жазасы күтіп тұр. Оның ішінде 96 шетелдік бар.