"Израильді айыптау керек". БҰҰ-дағы Иран өкілі мәлімдеме жасады

1072
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GTpCpX2yyb7nZzgubKBrGRiDRUQhhr6aWa6HGGji.jpg

Euronews арнасына берген сұхбатында БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі Әли Бахрейни қазіргі Таяу Шығыстағы шиеленісті тоқтатудың жалғыз жолы - Израильдің әскери қимылдарын доғару екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, егер Израиль шабуылдарын тоқтатса, дипломатияға үміт бар. Алайда, АҚШ қақтығысқа араласқан жағдайда, Иран оған қарсы күш қолданатынын ескертті.

"Еуропалықтар істей алатын әрекет - Израильді айқын айыптап, оған қолдау көрсетуді доғару", - деді Бахрейни.

Ол Еуропаның Израиль агрессиясына көз жұмуы мен Иранның ядролық келісімін сақтап қалуда қауқарсыздық танытуы қазіргі әскери шиеленістің ушығуына себеп болғанын айтты.

"Израильдің еш жазаға тартылмауы - Еуропа, АҚШ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әрекетсіздігінің нәтижесі", - деп мәлімдеді ол.

Бахрейнидің айтуынша, Еуропа Израильге көрсетіліп жатқан әскери, қаржылық және барлау көмегін тоқтатуы тиіс. Сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты шынайы ұстаным білдіруі керек.

Бұл мәселелер 21 маусым күні Женевада өтетін келіссөздерде Франция, Германия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлеріне жеткізіледі. Жиында Иранның ядролық бағдарламасы талқыланбақ.

Иран бұған дейін ядролық бағдарламасы бойынша Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына (JCPOA) қатысқан. Бұл келісім аясында елдің ядролық қызметіне шектеу қойылып, санкциялар жеңілдетілген еді. Алайда 2018 жылы Дональд Трамп бұл келісімді АҚШ атынан бұзып, жаңа санкциялар енгізді. Осыдан кейін Тегеран уран байытуды қайта жалғастырды.

Қазір Иран уранды 60%-ға дейін байытып жатыр, бұл әскери мақсаттағы 90%-дан төмен болғанымен, JCPOA рұқсат берген 3,67%-дан бірнеше есе жоғары. Иран ядролық бағдарламасының тек бейбіт, азаматтық мақсатты көздейтінін айтады. Ал Израиль, керісінше, Иран ядролық қару жасап жатыр деп есептейді.

Сұхбатта Бахрейни АҚШ-тың қақтығысқа араласуы жағдайында Иранның жауапсыз қалмайтынын ашық айтты.

"Қарулы күштеріміз жағдайды бақылауда ұстап отыр. АҚШ-тың әрекетін бағалап, қажет болса соққы беруге дайын", - деді ол.

Әли Бахрейнидің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда қандай да бір дипломатиялық бастама туралы айтуға болмайды.

"Біздің халқымыз бен еліміз үшін басты міндет - агрессияны тоқтату. Агрессорларды тоқтатудан басқа ештеңе туралы ойлауға да, айтуға да болмайды", - деп қорытындылады ол.

Комментарии
Другие материалы