18 маусымда Украина президенті Владимир Зеленский Канадада өтіп жатқан G7 ("Үлкен жетілік") саммитінен мерзімінен бұрын шығып, Украинаға қайтатыны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы украиналық "Суспільне" телеарнасы мен канадалық CBC арнасы делегациядағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
CBC арнасының мәліметінше, Зеленскийдің сапарын қысқарту шешімі Ресейдің Киевке жасаған соққыларына және АҚШ президенті Дональд Трамптың Канададан ерте кетуіне байланысты қабылданған.
Атап айтқанда, Ресей 17 маусымға қараған түні Киевтің әртүрлі аудандарына жаппай зымыранмен шабуыл жасаған. Шабуыл кезінде тұрғын үйлер, білім беру нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарға зақым келді. Соломен ауданындағы тоғыз қабатты үйдің бір подъезі толығымен құлап, 21 адамның мәйіті үйінді астынан табылды. Жапа шеккендер саны – 134 адам. Құрбандар саны артуы мүмкін, себебі іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп 16 маусым күні кешке Кананада өткен саммиттің бірінші күнінен кейін елге шұғыл түрде оралды. Бұл шешім Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты қабылданған. Айта кетейік, 17 маусымда Трамп пен Зеленский арасында кездесу жоспарланған болатын.
Киев қалалық әкімдігі 18 маусымды аза күні деп жариялады. Ресейдің бұл шабуылы бейбіт тұрғындар арасында көп шығынға алып келген ең ірі соққылардың бірі болып отыр.