Шекарадағы дағдарыс. Қапланбек бекетінде көлік кептелісі күшейді

1673
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/03/shekaradaғy-keptelis-960x500.jpeg?token=f9a115c67f21eda66d4e3a15b63bff9d
Маусым айының басында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара бекеттерінде кептеліс қалыптасты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Жүргізушілер бір тәуліктен аса уақыт шекарадан өте алмай тұрғандарын, күннің ыстығы мен қажетті жағдайлардың жоқтығы қолайсыздық туғызғанын айтуда. Кептелістің басты себебі – 6 маусымда  тойланатын Құрбан айт мерекесіне байланысты халық қозғалысының артуы. Осыған орай шекарадан өтушілердің саны көбейіп, жүктеме бірнеше есеге артқан. Бұған қоса, басқа бірнеше өткізу бекеттерінің уақытша жабылуы себепті көлік пен жүк ағыны Қапланбек, Яллама секілді бекеттерге бағытталған. Ең үлкен мәселе – шекарадағы ең ірі және қолайлы «Жібек жолы – Гишткуприк» (бұрынғы Черняевка) бекетінің жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылуы. Бұл бекет тәулік бойы жұмыс істейтін, көлік, жолаушылар мен пойыздарды өткізетін басты өткелдердің бірі болатын. Қазір оның жабылуы салдарынан барлық жүктеме Қапланбек – Навои бекетіне түсті. Алайда бұл өткізу пункті тек жаяу жүргіншілер үшін жұмыс істейді және тек күндізгі уақытта ғана ашық болғандықтан, көлік тасымалына мүлдем жарамай отыр. Тағы бір өткізу бекеті – Қазығұрт – Майский – тек жүк көліктеріне арналған. Бірақ оның өткізу мүмкіндігі қазіргі жағдайға сәйкес келмейді. Ал Яллама шекара бекеті Ташкенттен алыс орналасқандықтан, жағдайды жеңілдете алмай отыр. Өзбекстанның Кеден комитеті Ялламада қосымша қызметкерлер жұмысқа тартылғанын және рәсімдеу үдерісін жеделдету шаралары қолға алынғанын хабарлады. Жүргізушілер мен сарапшылар шекарадағы инфрақұрылымның мереке кезіндегі жүктемені көтере алмай жатқанын айтып,  мәселені жүйелі түрде шешу қажеттігін алға тартуда. Ұқсас жағдай Қазақстанның Ресеймен шекарасында да тіркелуде. Елдің батысындағы өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің 10 шақырымдық кезегі пайда болған. Жүргізушілер ол жақта да бірнеше тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр. Сарапшылар қолданыстағы шекара бекеттерін жаңғырту және жаңа өткізу пункттерін ашу қажеттігін жиі айтып жүр. Себебі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық пен халықтың қозғалысы жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың наурыз айында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері шекара инфрақұрылымын жетілдіру және логистикалық хабтар құру мәселесін талқылаған болатын. Қазіргі жағдайға байланысты ресми органдар тарапынан нақты мәлімдеме жасалған жоқ. Ал жүргізушілер биліктен шұғыл шешімдер қабылдап, шекарадағы кезектерді азайтуды талап етуде.
Комментарии