Өзбекстанда жүздеген адам құрбан болған Әндіжан оқиғасына 20 жыл толған күні Халықтық-демократиялық партияның мәжілістегі фракциясы өзін ресми түрде "парламенттік оппозиция" ретінде жариялады. Бұл туралы партияның мәлімдемесі мамырдың 13-інде Олий Мәжілістің төменгі палатасының ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.
2005 жылғы 13 мамырға қараған түні және 14 мамырда қарулы топ Әндіжандағы түрмеге және бірнеше мемлекеттік мекемеге шабуыл жасап, 12 құқық қорғау қызметкерін өлтіріп, 334 дана қару-жарақты басып алған. Бұл оқиғаның соңы қанды қырғынмен аяқталғаны белгілі. Ал 2025 жылы 13 мамырда Халықтық-демократиялық партия өкілдерін өздерін "оппозициялық" ұйым деп жариялап, мұндай шешім үкіметтің қазіргі таңда ұстанып отырған саяси және экономикалық бағытымен "келіспеушілікке" байланысты қабылданғанын айтқан. Атап айтқанда, Халықтық-демократиялық партиясы стратегиялық маңызды кәсіпорындарды жекешелендіруге жол бермеу, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың осал топтарын қорғау мәселелеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанын сынға алды.Халықтық-демократиялық партиясы бірқатар өзекті мәселелер бойынша үкімет пен парламенттік көпшілік ұстанымымен келіспейтінін мәлімдеді. Соның ішінде:
- Мемлекеттің экономикадағы рөлінің әлсіреуі және стратегиялық маңызды кәсіпорындарды жекешелендіруге тыйымның болмауы;
- Зейнетақы жүйесін нарықтық механизмдер арқылы басқаруға көшуге қатысты ескертулер;
- Әлеуметтік осал топтарға коммуналдық төлемдер бойынша нақты қолдау стратегиясының болмауы;
- Үлестік тұрғын үй құрылысына азаматтардың қаражатын қорғау жүйесінің жоқтығы;
- Прогрессивті салық жүйесінің енгізілмеуі және байлық салығының болмауы;
- Фармацевтика саласындағы мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі, дәрі-дәрмек бағасының реттелмеуі мен жарнамасына тыйымның жоқтығы.
Партия жаңа Конституцияның адам құқықтары мен әлеуметтік қорғау бағытындағы мүмкіндіктерін оң бағалап, оны тарихи жетістік деп атады. Халықтық-демократиялық партиясының басты мақсаты — әлеуметтік әділеттілік, теңдік және ынтымақ принциптері негізінде демократиялық мемлекет құру.
Парламенттік оппозиция ретінде партия:
- Заң жобаларына қатысты нақты саяси ұстаным білдірмек;
- Үкімет бастамаларын сын тұрғысынан қарастырып, балама ұсыныстар енгізуге ниетті;
- Әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша биліктің бағдарламаларын қатаң бақылауға алуды көздеп отыр;
- Парламенттік бақылау тетіктерін белсенді пайдаланатынын мәлімдеді.
Халықтық-демократиялық партиясы өз мәлімдемесінде сайлаушылар мүддесін қорғауды бірінші орынға қоятынын айтып, елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолында барлық ресурстарын жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.
«Біз, Өзбекстан Халықтық-демократиялық партиясының фракциясы, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік теңдік және әлеуметтік ынтымақ принциптері негізінде әлеуметтік мемлекет құру міндетін жүзеге асыруда сайлаушыларымыздың мүдделерін басты орынға қоямыз және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халқымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету
Ал 13 мамыр күні Өзбекстандағы Әндіжан қырғынына 20 жыл толған еді.
Ресми мәлімет бойынша, 2005 жылғы 13 мамырға қараған түні және келесі күні қарулы топ Әндіжандағы түрмеге және бірнеше мемлекеттік мекемеге шабуыл жасап, 12 құқық қорғау қызметкерін өлтіріп, 334 дана қару-жарақты басып алған. Өзбекстанның құқық қорғау органдарының хабарлауынша, лаңкестер барлығы 70 адамды кепілге алып, олардың 15-ін өлтірген. Кейін қалаға әскер енгізілді. Ресми дерекке сәйкес, Әндіжан оқиғасында 187 адам қаза тапқан.
Алайда құқық қорғаушылар құрбандар саны 500 бен 1500 адам арасында деп есептейді. Олардың мәліметінше, дәл сол күні — Бабыр алаңында бірнеше ондаған мың адам үкімет саясатына және экономикалық қиындықтарға қарсы наразылыққа шыққан. Оларды тарату үшін күштік құрылымдар оқ жаудырған. Қаза тапқандар арасында әйелдер, балалар мен қарттар көп болған.
Кейін бұл наразылыққа қатысқан көптеген адамға зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылып, сот процестері жабық түрде өткен. Көптеген адам елден кетуге мәжбүр болған.
Халықаралық қауымдастық, соның ішінде Батыс елдері, оқиғаға тәуелсіз тергеу жүргізуді талап еткен. Бірақ Өзбекстан бұл талапты қабылдамай, "бұл — біздің ішкі ісіміз" деп жауап берген. Бұған жауап ретінде Еуропалық Одақ санкциялар енгізіп, қару-жарақ жеткізуге эмбарго жариялап, 12 жоғары лауазымды шенеунікке елге шығуға тыйым салды. Алайда 2009 жылы бұл санкциялар алынып тасталды. АҚШ-тың тергеу жүргізу әрекеттері де сәтсіз аяқталып, екі ел қатынасы нашарлап кетті.
2013 жылы БҰҰ-да Өзбекстандағы адам құқықтарына байланысты есеп қаралған кезде, үкіметтік делегация «Әндіжан — жабылған тақырып» екенін айтты.
2016 жылғы желтоқсанда Шавкат Мирзиеёв президент болып сайланғаннан кейін БАҚ бұрынғы биліктің әрекеттерін сынай бастады.
2020 жылдың ақпанында Өзбекстан Бас прокурорының орынбасары Светлана Артыкова Qalampir.uz-ке берген сұхбатында қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да болғанын мойындады. Оның айтуынша, олардың оқ астында қалуына әскери қызметкерлер мен басшылық арасындағы үйлесімдіктің болмауы себеп болған: байланыс құралдары дұрыс жұмыс істемеген, командир бұйрықты естімеген немесе дұрыс түсінбеген, дайындық болмаған. Бас прокурордың орынбасары бейбіт тұрғындарды атуға қатысы бар адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және кейбірі мерзімін өтеп, түрмеден шыққанын айтқан.