Сенат мақұлдауымен. Алматыда АҚШ консулдығының құрылысына 70 мың шаршы метр жер беріледі

1130
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/10/img_8158-960x500.jpeg?token=245fa80e132d945b507cf5e8034c9df1
Алматы қаласында АҚШ Бас консулдығының үй-жайын салу үшін 70 593 шаршы метр жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Бұл туралы тиісті заң жобасын бүгін Сенат депутаттары мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Сенатор Амангелді Нұғымановтың мәліметінше, бұл келісім мемлекет басшысының БҰҰ-ның 74-сессиясына қатысу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Келісімге 2023 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында қол қойылған. Келісім аясында АҚШ үкіметі жер телімі үшін 25 миллион АҚШ долларын бір жолғы төлем ретінде төлейді. Бұл төлем келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, АҚШ тарапы бұл жер мен болашақ консулдық ғимаратқа байланысты барлық салықтар мен өзге де төлемдерден босатылады, жалдау ақысынан басқа. АҚШ консулдығының құрылысы, оны күтіп ұстау, жөндеу жұмыстары, байланыс және коммуналдық қызметтер шығындары түгелдей АҚШ үкіметінің есебінен жүргізіледі. Импортталатын құрылыс материалдары мен қажетті тауарлар кедендік төлемдер мен салықтардан және рұқсат беру талаптарынан босатылады. Бас консулдық аумағында АҚШ-тың есірткімен күрес агенттігі мен Қазақстандағы АҚШ сауда министрлігінің өкілдігі орналасады. Бұл құрылымдар америкалық компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісімге сәйкес, АҚШ тарапы да Қазақстан Республикасының Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуға рұқсат бермек.
Комментарии