Танымал тележурналист Асхат Садырбайдың екінші әйелі Айғаным Болатқызы Kyn.kz YouTube арнасына сұхбат беріп, бұрынғы күйеуінен көрген қорлықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Айтуынша, екеуі 5 жыл бұрын ажырасып кеткен, алайда экс-күйеуі әлі күнге дейін не өзіне, не әке-шешесіне, туыстарына маза бермей келеді.
«Асхат жол апатынан соң, біраз қалада тұрып, біз ауылға кеттік. Кейіннен ол балдақпен жүре бастады. Мен баланы емізіп жатқанда енем Асхатқа барып, «баланы бермей жатыр» деген. Сол кезде Асхат келіп балдағымен мені ұратын», - дейді келіншек.
Оның айтуынша, Асхат Садырбай отбасында болған кикілжіңді шешу үшін бірден анасына хабарласып отырған.
«Жаңадан үй алып, Астанаға көштік. Әр ұрыс болған сайын анасына хабарласатын. Анасы да жүгі жиналып, келуге дайын тұратын. Бірнәрсені шешуді анасына ысырып қоятын. Арамызға түсіп, біз ештеңені шеше алмайтынбыз. Көп ренжіткен соң мен үйіме кетіп қалдым. Ол кешірім сұрап келетін», - дейді Айғаным Болатқызы.
Журналистің экс-әйелі ажырасуға өтініштің қалай берілгенін айтып берді.
«Кешірім сұрап келген сайын қайтып баратынмын. Соңында ата-анам жібергісі келмеді. Бірақ мен ешкімнің сөзіне қарамай қайта бардым. Бірақ барғанда өзімді бір апанға тастағандай болдым. 2019 жылы үйде тағы бір ұрыс болып, ауыр сөздер айтады. Тып-тыныш жүрген балаға да тиісіп, жылатады. Ол аяқ киім лақтырып, менің бетіме тиеді. Сол сәтте ашуланып барсам, есіктің әйнегі қолыма кіріп, қан ағады. Сол кезден кейін ол сотқа ажырасуға өтініш берген екен. Тіпті, үйге камера қойып, менен баланы алып қоюға әрекет еткен», - дейді Асхат Садырбайдың бұрынғы әйелі.
Айта кетейік, Асхат Садырбайдың алғашқы әйелі танымал әнші Ерке Есмахан болған.