Мәжбүрлі неке. Қазақстаннан көмек сұраған ауғанстандық бойжеткеннің өтініші қабылданбады

297
Adyrna.kz Telegram
Фото: yahoo.com
Фото: yahoo.com

Ауғанстаннан келген 23 жастағы Содаба Аттар өзінің туған еліне оралуға мәжбүр болудан қауіптеніп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, өтініші қанағаттандырылмады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Stan.kz-ке сілтеп.

Қазақстан соты оның өтінішін қабылдамау туралы шешім шығарды.

Содаба Аттар Ауғанстанда Талибан билікке келмей тұрып, қыздарға білім беру және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу саласында қызмет атқарған. 2023 жылдың шілдесінде оның әкесіне тәліптерден хат келген, онда қызға "өлім немесе мәжбүрлі неке" күтіп тұрғаны хабарланған. Бұл Содабаны елінен қашуға мәжбүр етті.

2022 жылы Иран арқылы Қазақстанға келіп, білім алу визасымен Алматыдағы университетке грантқа түскен. Алайда оқуын жалғастыра алмауы себебінен визасының күші жойылып, ол заңды мәртебесінен айырылды. Қазақстан билігіне босқын мәртебесін сұрап жүгінгенімен, оның өтініші дәлелдердің түпнұсқасын ұсынбағандықтан қабылданбады.

Сот Содаба Аттардың ұсынылған құжаттарының түпнұсқалығын тексеру мүмкін еместігін алға тартты. Судья Альмира Рахымжанова Содабаның талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар, ауған билігінің оған шетелге шығуға мүмкіндік бергенін ескере отырып, отанына оралуға негізсіз қорқыныш бар деп есептеді.

Содаба Аттар сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, құжаттарды тәліптердің қолына түсіру қаупі оны түпнұсқаларды ұсынудан бас тартуға мәжбүрлеген.

Содаба Аттардың тағдырына қатысты соңғы шешім әлі белгісіз. Ол өзінің қауіпсіздігі үшін күресін жалғастыруда.

Пікірлер