«Цензура жасайтын ұйымға мүше болғым келмейді». Жазушылар одағынан шыққанын жариялағандар бар

3315
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Қазақстан жазушыларының кезекті XVI құрылтайы өтер қарсаңда басталған талқылау жиын кейін де жалғасып жатыр. Басқосу басталмай тұрып қалай аяқталатыны қызықтырған. Аяқталған кезде Жазушылар одағы төрағасының саяси сарындағы сөзі сынға ілікті. Әлеуметтік желіде әуелде сынағандарды қолдағандар байқалса, кейін сынағандарды да сынайтындар пайда болды. 

Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының 525 делегаты, арнайы шақырылған қонақтар, БАҚ өкілдері қатысты. Жиыннан кейін бойына ала қағаз, көк сияның исі сіңген жазушылар Алматы әкімдігі жайған "бай да берекелі" дастархан, тәтті тағамға асықты. Құрылтайда бірін-бірі көріп, Алматы төрінде тоқайласқан замандастардың бір тобы мұндай іс-шарадан қалыс қалуды дұрыс деп санады. Жойқын пікір қайшылығы, аса күрделі көзқарас алуан түрлілігі байқалмады.

НЕГЕ «ЕШҚАШАН»?

Жазушылар жиынында Президент құттықтауынан кейін Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағын өзі басқарған бес жыл аралығында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Кейіннен өзінің Одақ төрағасын сайлауға түспейтінін көпшіліктің көзінше жариялады.

Құрылтайдан соң басқарма жиынында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов 103 дауыспен Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы болып сайланды.

Бәрі жоспарға сай жүріп жатқан. Құрылтайда күмәні мен сенімі таразыға түскен жазушылар көңілін Мереке Құлкеновтың бір ауыз сөзі жүдетіп тастағандай болды. Жазушылар одағының жаңа төрағасы Мереке Құлкенов сөз алысымен:

«Ешқашан біздің жазушылар оппозиция болмайды деп есептеймін. Болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген — мемлекет басшысына қарсы болу деген сөз. Мен оған келісе алмаймын. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өнер адамдарына, ғалымдарға, жазушыларға өте ерекше көңіл бөліп отыр…” - деді. 

Бір қызығы – төрағаның бұл сөзін құрылтай басында ашық сынаған ешкім болмады. Сын төрағаның осы сөзі жаңалық ретінде жарияланған соң басталды.

Осы пікірді естіп көп ішінде пұшайман болғандар бар. Мәселен, қоғам қайраткері Сәби Аңсат мұндай ұстанымы үшін Мереке Құлкеновке "келелі кеңес" айтқан. Ол "достарынан бас тартып, мәдени іс-шараларға қатысудан бас тартуды" ұсынады:

"Құлкенов Мереке!

Жазушылар Одағына Төраға болып сайланғандағы:

Жазушы оппозиция болмауы тиіс, деген алғашқы лебізіңіз еркін ойлы ақын-жазушыларды, барлық шығармашылық иелерін, оқырман азат ұлдарды шошытты.

Сізбен марқұм жазушы - драматург Рахымжан Отарбаевты еске алу шараларында кездесіп жүретін едім. Олай болса, Сіз Асанәлі Әшімов, Темірхан Медетбек, Жанұзақ Әкім, Иранғайып, Ирак Елекеев, Сұраған Рахметұлы, Ықылас Ожайұлы, Светқали Нұржан, Мырзан Кенжебай сияқты достарыңыздан бас тартыңыз. Олар да Сізге осыдан кейін жақындауға ықыласты емес шығар.
Онда Сіз, Қадыр Мырза Әлі, Рахымжан Отарбаев рухтарына бағышталған шараларға қатысуды тоқтататын шығарсыз.

Қадыр жырларын сүйген, Рахымжан рухына адал көөөп оқырманның бірі Сәпен (Сәби) Әбдіқадырұлы Аңсат. 83 жастағы Сырбойылық қария," - деп жазды.

«ОДАҚ МҮШЕЛІГІНЕН ШЕГІНДІМ»

Әдебиеттің ақиқат алаңында шиыршық атып, ширайтынын алға тартып, құрылтайдан кейін Одақ мүшелігінен шығып жатқандар да табылды. Олар оппозицияның Одақ тарапынан бастырмалануына қарсы. Алғашқы қадамды қазақтың мистик жазушысы, журналист Қойшыбек Мүбәрак бастады.  "Билікті сынамайтын одақтан кеткен жазушы" өз шешімі хақында:

 «Мен әуелі мистик жазушымын. Сосын тәуелсіз журналиспін. Қара шаңырақ Одақты қаншалықты қадірлесем де қарамағындағы мүшелеріне мұндай цензура жасайтын төрағасы бар ұйымға мүше болғым келмейді» деді жазушы Қойшыбек Мүбәрак. Ол «Бүгіннен бастап одақ мүшелігінен шегіндім», - деп билікті сынамайтын одақтан кететінін ресми мәлімдеді.
Журналист Асан Анарбай қаламгер Қойшыбек Мүбәрақтың қадамын рационалды, сыни ойлау дағдысынан туған шешім деп бағалап, Алаш қайраткерлеріне тән аһлақ, ар-ұят мәселесімен ұштастырады:

"Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы рухани жаназасын шығарған сияқты әсерде қалдым. Азаматтық ұстанымды оппозиция я бүлікшілік деп есептейтін мимырт түсініктегі, адамның ой-сөз еркіндігі дейтін конституциялық асыл хақына түкіре қарайтын, шімірікпей қол салатын оспадар автократтың төрағалыққа келуі әдебиетті жерлеу емей неме?.."

...<...>... Замандас қаламгерлер, жол таңдайтын күн туды. Koishybek ағай Алаш қайраткерлерінің арлы рационализміне салды, құрметім зор. Аға-әріптесім болғаны үшін емес, Адам-Азамат өнегесін танытқаны, бұқпағаны үшін. Жастардан мұндай жігер табылар деп сенем.
Журналист Есдәулет Қызырбекұлы қаламгердің бұл әрекеті арқылы  ар биігінен көріне білгенін жеткізді.
"Қойшыбек ағаға ешкім одақтан шық деген жоқ. Бұл ұстаным мен ардың ісі. Әріптестерімен бірге ұлт туралы ірі-ірі әңгіме айтып, өткен-кеткенді, әдебиетті талқылап, бір-бірін мақтап, әкімшілік жасап берген дастарханға барып тыңқия тойып қайтса болар еді. Бірақ олай істемеді. Құрылтайдан кейін бізбен бірге «Узбечка»асханасына барды. Жақсы әңгіме айттық. Одан төрағалыққа таласып, қырық пышақ болып жүрген немесе өзін классик санайтындардан бір жері кем болып қалған жоқ. Қайта біздің, жастардың алдында абыройы артпаса, түскен жоқ…Жалпы, қазіргі қоғамда, заманда, принципіңде, көзқарасыңда табандап тұру өте қиын. Бүгін омыртқасынан, арқа-жонынан айырылып қалған «мүгедек» жазғыш-сызғыштардың талайын көрдім. Өздерінің қоғам алдында «мүгедек» екенінде шаруасы жоқ. Бәрі әртіс көйлегін киіп, боянып-сыланып, бір-бірін құттықтап, мақтап мәз. Жақсы мағынадағы тентегі (хулиганы) қалмаған шығармашылық (рухани) орта аянышты көрінеді екен..."

«МЕН ДЕ БАС ТАРТТЫМ»

Одақтан кететінін мәлімдеген жалғыз Қойшыбек Мүбәрак емес. Жастар жағында  да бар... Қатарға жазушы Есбол Нұрахмет те қосылып, Жазушылар одағының мүшелігінен шығатынын растады.
"Құрылтайға бармадым. Көрмедім. Бірақ барған жұрттың көбі жазушылардың сағы сынғанын, тым көңілсіз болғанын айтып жатыр. Осының бәрі биліктің әр істің бәріне тұмсығын тыға беруінен туындап отыр. Тым құрыса осындай шығармашылық ұйымдарға еркіндік беруге болмай ма? Түсінбеймін! Ал жаңа сайланған төраға әр жазушының қандай пікірде болуы керек екенін белгілеп бере алмайды. Шығармашылығына да араласа алмайды. Одаққа төраға болу, менің түсінігімде, оқырман мен жазарман арасына дәнекер болу, билік пен жазушы емес.Егер Жазушылар одағының мүшесі тек төрағаның ғана көзқарасымен өмір сүруі керек десе, мен де бас тарттым бұл одақтан."
Жас қаламгер Ерден Нұрахметтің бұл қадамын құптамайтындар желіде жазба қалдырды. Әдебиетші Айдана Бейсеннің айтуынша, мүшелік билетін өткізгеннен мәселе түбегейлі шешілмейді. Келген басшылықтың ұстанымын емес, Одақтың абыройын ойлау маңызды.
"Сіздің шығармашылық ізденісіңіз бен көзқарасыңыз жалғыз сол адамның айналасында емес шығар. Бізде өзі кез келген сайлау шусыз өтпеген шығар. Етіміз үйреніп кетпесе болғаны, әйтеуір. Әркімнің өз позициясы айқындалып, дауысының естілгені өте дұрыс. Ешкімнің айтқанына қарсы келе берудің қажеті жоқ. Орынды сөзге өкпе болмауы шарт. Келген басшылық үшін Одақтың атын кірлетіп, қастерлі орынымызды күйретіп алмайықшы. Мүшелік билетіңізді өткіздіңіз делік. Не өзгерді? Басшы қайта ауыса ма? Сіз керісінше өз принципіңізден бас тарттыңыз. Күрес алаңына қаруыңызды қалдырып кете бардыңыз", - деп жазды әдебиетші.
Әлеуметтік желіде жазылған сансыз пікірлер, ілтифат сөздері мен қолдау-қолпаштаудан "аяқ алып жүргісіз". Олардың сөз етіп жатқан мәселесінің желіні ортақ. Ар биігі. Ар биігінен көріне білу сыпаты. Біреуі қоғамды, біреуі билікті, бірі мүшеліктен шыққан жазушыларды жазғырып әлек.
"Қазақтың зиалы қауымы "Қарақазанға" қарап телміріп қалғаны Қазақ қоғамының дамуындағы ең үлкен кедергі. Ең өкінштісі, біраз ұлтжанды жастардыңда сол қазанды жағалап кеткені..."
"Мектеп оқулығындағы шығармаларын алып тастау керек. Сөзі мен ісі екі бөлек жазушыны оқушыларға дәріптегім келмейді.
"Бүгінгі одаққа мүше болғанша жай тіршілік істеген қайырлы боп тұрған сияқты. Дұрыс шешім екен."

Әдебиет - қайшылықта бүр ашатын жаратылыстың ұлы құбылысы. "Ақиқаты - тайқыма, шындығы - жармақ, жанары - жалтақ"  ұстаным жерегінде өмір сүретін қоғамда көркемсөздің көбебі сөгіледі.

"Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем", - дейді Сәкен Иманасов ақын. Сәкен Иманасовтан өзге қаламды серік еткенден қандай ойда?..

Іргеде диджитал капитализм құбылысы есік ашып тұр. Өркениеттің базбіреулерге бәймәлім жаңа кезеңі. Жаһандық қызу бәсеке заманы. Ой бағыттайды, жөн біледі дегендер оны сөз еткісі келмейді. Қоғам талас-тартысты таңдағандай көрінеді.

Дастан Қастай

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер