Ұлттық қауіпсіздік комитеті Украина жерінде ұрысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты тергеу бастады

3262
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандықтардың Украина жеріндегі соғысқа араласуына қатысты 10 қылмыстық істі тергеп-тексеруді бастады. Бұл жайлы  КазТАГ ақпарат агенттігі  ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу ісіне қатысты нақты деректерді ашып айтпады. Қазақстандықтардың қай тарапта болысып, қай шепте ұрысқа қатысқаны жайлы әзірге хабарланған жоқ.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, нақтырақ айтсақ, қылмыстық кодекстің 172-бабында, шетелдік қақтығыстарға араласқан ел азаматтарын бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан шектеу қарастырылған.

2022 жылы, қыркүйек айының соңында Владимир Путин арнайы заңға қол қойды. Заң бойынша Ресей қарулы күштерінің қатарында және "өзге әскерлерде" қызмет ету үшін келісімшарт жасасқан шетелдіктер Ресейде тұру мүмкіндігіне ие болып, азаматтығын жеңіл талаптармен ала алады.

"Азаттық радиосы" Украина топырағында Ресейге болысып ұрысқа араласқан қазақстандықтар жайлы жазған еді. Олар  Вагнер ЧВК қатарында басқыншылық соғыстарына қатысқан. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың өз еріктерімен соғысқа сұранып барғаны да айтылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер