Тыныштық тойы. Экс-президентті еленбеген туған күнімен кімдер құттықтады?

1684
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZXZw1wsTJq4I3PBgwn4nJHHNk9lgxZs6GB9qYVQF.jpg

6 шілдеде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев 85 жас толды. Биыл экс-басшының  туған күніне байланысты мерекелік шаралар өткізілмеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мерейтой қарсаңында Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтады. Ол Назарбаевтың жаңа дәуірдегі қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқанын мәлімдеді.

6 шілдеде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соғып, оған зор денсаулық, амандық пен табыс тіледі. Өзбек президенті өзбек-қазақ арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қарым-қатынастардың қазіргі деңгейі жоғары бағаланатынын және барлық бағыт бойынша көпжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусь президенті Александр Лукашенко құттықтады.

«Сіздің даналығыңыз бен өмірлік тәжірибеңіз айналаңыздағы адамдарды шабыттандыра берсін», – деді басшы.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдан 2019 жылға дейін ел президенті болған еді. 1989-1991 жылдары ол Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.

Назарбаев биліктен кеткеннен кейін де бірқатар маңызды лауазымдарды сақтап қалды. Атап айтсақ, 2021 жылға дейін «Нұр Отан» (қазіргі Amanat - ред.) партиясының төрағасы, ал 2022 жылға дейін Қауіпсіздік кеңесінің басшысы болды. Одан бөлек, Назарбаев ұзақ уақыт «елбасы» атанып жүрді, бірақ мұндай мәртебе 2022 жылы жойылды.

Комментарии