• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » Театр музейінің түніне асығыңыздар!

    Театр музейінің түніне асығыңыздар!

    24 мамыр – М.Әуезов атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық драма театрының  музейінің құрылған күні. Театр музейіне 50 жыл толып отыр.

    Осы айтулы датаға орай «Театр музейінің туні» өтеді. Келіңіздер, музей түнін бірге тамашалайық!  Музей –  халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кезеңдердің, ұмытуға болмайтын сәттердің куәгері. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы бар. М.Әуезов театрының музейі жарты ғасыр  уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.

    Музейдің  ашылу тарихы туралы айтқанда, белгілі актер, Халық әртісі Қапан Бадыровтың «Естен кетпес есімдер» атты кітабындағы «Тарих қоймасы» атты мақаласындағы мына жолдар ойға оралады: «Алғашқы ашылған театрды зор қуанышпен қарсы алған қазақ елі сонша көп сыйлықтар тартты.  Кілем, түскиіз, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ, түйе жүн шекпен, құндыз бөрік, жібек шапан, күміс ер тоқым, сырлы аяқ, күміс ожау, ағаш шара, сары тостағандар, дастарқандар, аша бақан, күміс кісе, жібек белбеу, әртүрлі өрілген қамшы театр құрметіне тартылған-ды. Ал, қыздар киер үкілі тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, оқалы шапан, кестелі көйлек, омырауына түрлі теңге таққан камзол, сылдыраған шолпы, білезік, балдақтардың талайы сыйға келгенін білеміз», – деп жаза келе, соның бәрінің қадіріне жете білмегендіктеріне өкініш білдіреді. Себебі, халық сыйға тартқан осыншама мұра-жәдігерлер музей болмағандықтан тозып, іске алғысыз дүниеге айналған.

    Егер 1926 жылдан бергі барлық экспонаттар сақталған болса, көрерменге тарту етер құнды дүние тіптен мол болар еді. Бүгінде  музей қоры Қазақстандағы өзге театрлардан көш ілгері, мұндағы заттардың сан алуандығы, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелердің молдығы көңілге медеу. Сол жылдары Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан. Егер, кімде-кім театр музейін келіп көрсе, 92-жылдық тарихы бар қарашаңырақтың тарихымен кезең-кезеңімен таныса  алады. Елімізге белгілі театр мэтрлерінің 30-дан астам майлы бояумен салынған портреттері қаз-қатар тізіліп, ілініп тұр. Актерлердің әр жылдары, әртүрлі қойылымдарда киген кастюмдерін біздің баға жетпес байлығымыз десек те болады. Музей жұмыс істегеннен бергі зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілер бар. Бұдан бөлек, әртістердің медальдары, марапаттары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақтаулы. Әр спектакльден түсірілген фотолардың қоры тіптен мол. Фотолар мұрасына үңілген кезде, сонау театр құрылған жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, актерлер, басшылар, техникалық қызметкерлер, басқа да театрға қатысты бейнелерге жолығасыз. Олардың шағын өмірбаяны, әр жылдарда қойылған спектакльдердегі рөлдері, сан салалы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен олар жайлы жазылған ақпараттар, мақалалар, зерттеулер, эсселер мен очерктер, сахна және гастрольдегі, түрлі мәдени шаралар тұсындағы суреттері, драматургтердің сахналанған және театрдың көркемдік кеңесіне ұсынған пьесалары, т.б. жинақталған. Белгілі актерлердің өзі тұтынған заттары, әшекей бұйымдары, кейбір күнделіктері мен қолжазбалары, тілектері де  табылады.

    Басталуы сағат 20.30

    Өтетін орны – М. Әуезов  драма театры


    М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік

    академиялық драма театрының музей бөлімі

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “Қызыл Ай” қоғамы Қазақстанда 50 бас ірі қараны құрбандыққа шалып, таратты

    Құрбан айттың алғашқы күні   “Қызыл ай” қоғамы Қазақстанда 50 бас ірі қараны құрбандыққа шалды.  Шымкент ...