• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » Оралда «Домбыра күні» өткізілмек

    Оралда «Домбыра күні» өткізілмек

    АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Оралда күй атасы Құрманғазының 195 жылдығына орай «Домбыра күнін» өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

    Өңір басшысының айтуынша, ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылуда. Ұлтымыздың ұлы мұрасы – домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында барлық мектептерде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнату қолға алынды. Оған қоса мектептерде домбыра үйірмелері кеңейтілуде. Сонымен қатар облыс, аудан орталықтарының көпшілік жиналатын орындарында музыка мектептерінің ұлт аспаптар оркестрлері демалыс күндері өнер көрсетуде.

    Алдағы уақытта Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің құрамына кіретін Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі қалпына келтірілетін болады.

    «Жалпы, «Қасиетті Қазақстан» тізіміне облыстан 7 ірі нысан кірсе, соның бірі – осы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені. Оған алыс-жақын елдерден келетін туристердің де қызығушылығы айрықша. Бөкей хандығының негізін 1801 жылы Бөкей ханның қалағаны белгілі. Одан кейін Бөкейдің ұлы Жәңгір хандық құрған. Осы жерде қазақ даласындағы ең алғашқы мектеп (1841 жылы), қазынашылық үйі, баспахана ашылған және 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіштер сақталған. Облыс орталығынан шалғай жерде, 600 шақырым қашықтықта орналасқан кешенде туризмді дамыту мақсатында кіші авиацияны, жергілікті әуе желілерін дамытуды қолға алудамыз. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме жасауға қаржы бөлінді. Осыған сәйкес бұрын болған әуе айлақтары қайта қалпына келтірілетін болады», – деді Алтай Көлгінов.


    inform.kz

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Алматы циркінде – “Азия жаңғырығы”

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...