• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » Ұлттық музейге жәдігерлер тарту етілді

    Ұлттық музейге жәдігерлер тарту етілді

    Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының жалғасы ретінде жәдігерлерді қабылдау шарасы өтті, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі. Жиында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы құнды жәрігерлерді жоғалып кетуден сақтап қалу үшін және оларды бір орында топтастыру мақсатында жүріп жатқанын айтты.

    «Осыдан бір жылдай уақыт бұрын дәл осы жерде «Ұлттық музейге сый» акциясы бастау алған болатын. Осы өткен бір жылда акция Астана, Алматы және Қызылорда қаласында үш дүркін өтіп, нәтижесінде музей қорына түскен 1305 жәдігерден желтоқсан айында «Ұлттық музейге сый» көрмесі ұйымдастырылды.  Сол алғашқы акция барысында қоғам және саясат қайраткері Ерлан Карин жебенің оқтарын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым Билер сотының лауазымдық белгісі сынды тарихи жәдігерлерді музейге тапсырды. Сонымен қатар кез-келген қазақ есімдерін мақтанып айтатын Шәмші Қалдаяқов, Кенен Әзірбаев, Қадыр Мырза Әлі, Жақсылық Үшкемпіров және көптеген басқа тарихи тұлғалардың пайдаланған бұйымдарын, еңбектерін енді музей экспозициясынан көруге болады» – деді Ж.Таймағамбетов.

    Бұл жолғы қабылданған жәдігерлердің қатарында Әбіш Кекілбаев, Роза Бағланова, Зейнулла Алшынбаев, Мадина Ералиева, Александр Винокуров қатарлы даңқты тұлғалардың және тағыда басқа танымал адамдардың жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты заттар бар.

    Марал Сағынайқызы БАҒЛАНОВА, (Р.Бағланованың келіні):

    -Біз анамыздың 1960 жылдардың аяқ шенінде тігілген сахналық көйлегі, қолына ұстаған орамалын және сахналық аяқ киімін бүгін музейге табыстап жатырмыз. Бұл киімдердің барлығын апамыздың жеке тігіншісі тіккен болатын. Сонымен қатар өзіміздің суретші салған апамыздың портреті, шағын картиналары бар. Ұлт тарихына қатысты жәдігерлерді жинап жатқан Ұлттық музейге алғысымыз шексіз.

    Арсен ЕРАЛИЕВ, (М.Ералиеваның ұлы):

    -1997 жылы дайындалған анамның сахналық киімін және тағы басқа тұтынған заттарын табыстап отырмыз. Сонымен қатар біз үшін ең құнды жәдігер анамның ұстаған баянын Ұлттық музейге сыйға тарттық. Анам 1970 жылдардан бастап 1995 жылдарға дейін баянмен қосылып ән айтқан. Талай гастролдік сапарларда осы баянды арқалап жүрген болатын. Сондықтан да бұл баянның халқымыз үшін де, біз үшін де орыны ерекше деп ойлаймыз.

    Сонымен қатар ҚР көркемөнер Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық нақышпен өрнектелген шығармалары аңыз бен ертегілер әлемін елестететін Тілеужан Батанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, символист-суретші, монументалист, «Қазақ Елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі. ҚР мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркем өнер академиясының толық мүшесі, кескіндемеші, суретші-монументші, портретші Ерлан Сахипұлы қатарлы суретші, мүсіншілер де өз туындыларын музейге сый ретінде табыстады.

    «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылы наурыз айында басталған. Акцияның ашылу салтанатына Үкімет басшысының сол кездегі орынбасары Б.Сапарбаев бастаған лауазымды тұлғалар және қоғам қайраткерлері қатысқан болатын. Акция осы уақытқа дейін Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1300-дей құнды жәдігер Ұлттық музей залдарынан орын алған болатын. Акция алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Алматы циркінде – “Азия жаңғырығы”

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...