• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Жаңалықтар » Бабалар мұратын жеткізген қобыз үні

    Бабалар мұратын жеткізген қобыз үні

    Биыл ұлтымыздың ұлы бақыты, талай жылдар аңсар-арманымыз болған Тәуелсіздікке 25 жыл толғалы отыр. Осынау айтулы мерекеге еліміздің қай қаласы, қай ауылы болмасын мерейлі тартулармен барғысы келетіні анық.
    Егемен елдің айтулы мерекесіне жарқын жетістіктермен жетуді биік мақсат етіп отырған өңірлердің бірі – Сыр бойындағы қазыналы Қазалы ауданы.
    Қазалы – киелі мекен. Бұл бүкіл түркі жұртына әйгілі ғұлама Қорқыт бабамыздың туып-өскен жері. Кезінде оғыздардың астанасы саналған Жанкент қаласы осында орын тепкен. Бүгінгі қобыздың үні азаттықты, егемендікті аңсаған бабалар мұратын жеткізгендей.

    DSC_9628DSC_9527
    DSC_952447

    Жақында ғана аудан орталығы – Әйтеке би кентінде Тәуелсіздіктің мерейтойына орай маңызды іс-шаралар өтті. Ол «Тәуелсіздік тағылымдары және Мәңгілік Ел мұраты» деген тақырыппен өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Оны аудан әкімі Нажмадин Шамұратов ашып, жүргізіп отырды.
    Кіріспе сөз сөйлеген Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Тәуелсіздіктің ел, халық үшін алар орны жөнінде тартымды әңгімеледі.
    Тәуелсіздік, егемендік тақырыбы конференцияда баяндама жасаған Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, филология ғылымының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы бастаған ғалымдар сөздерінде жан-жақты ашып көрсетілді.
    Жұртшылықты ерекше қызықтырған ақындар айтысы болды. Онда Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Нұрмат Мансұров секілді дүлдүлдермен қатар, есімдері өнер сүйер қауымға енді-енді танылып келе жатқан жас айтыскер ақындар бақ сынасты.

    Елге танымал Жүрсін Ерман жүргіз­ген, белгілі айтыскер ақын Аман­жол Әлтаев төрағалық жасаған ақын­дар аламанында бас жүлде – жеңіл автокөлікті Аспанбек Шұғатаев ием­денді. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, атақты жырау Алмас ­Алма­тов­тың басшылығымен өткен жыршы-термешілер фестивалі де тыңдарман жұрттың құлақ құрышын қандырып, кәусар жырмен сусындатты. Бұл күннің есте қалған тағы бір сәті – Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы облыстық жастар сыйлығын табыстау салтанаты болды. Орталық Азия мен Қазақстанда жастар қозғалысын ұйымдастырушы қайраткер Қазалы жерінің тумасы екені белгілі.
    Екі күнге созылған мерейлі шараның ең бастысы – «Тәуелсіздік аллеясының», осы аллея бойында оғыз-қыпшақ заманындағы Қарабура әулиенің қызы, адалдық пен пәктіктің, сұлулықтың нышаны Бегім ананың, осыдан 440 жыл бұрын дүниеге келген, әйгілі батыр, аса көрнекті қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің, Қазалы өңіріндегі «Асандар көтерілісінің» құрбандарына арналған ескерткіштердің, сондай-ақ Тәуелсіздік монументінің ашылуы еді.
    DSC_9680…Қ.Пірімов көшесі аталатын даң­ғыл­да жүз шақты киіз үй тігілген. Көшеде жақын арада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгені көзге ұрып тұр. Мұнтаздай таза.
    Осы уақытта көшенің бас жағынан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған шағын топ жиын-тойға қатысушылар жанына жақындай берді.
    – Бұл жақсы іс болды. Елдің рухы көтеріліп қалды, – деді ақсақалдардың бірі амандық-саулықтан соң.
    – Елге қызмет ету – біздің пары­зымыз. Сіздер риза болсаңыздар еңбе­гіміздің ақталғаны, – деп жатыр аймақ басшысы.
    Жоғарыда тілге тиек етілген ескерт­кіш­тердің бірінен соң бірінің ашылу салтанаты болды. Олардың әрқайсысында облыс әкімі сөз алып, ардақталып, ұлықталып жатқан тұлғалардың ерлік­тері, еңбектері жайлы шолу жасап өтті.
    Расында да, олардың қай-қайсы да аттары тарихта алтын әріппен жазылған біртуар жандар. Бегім ана – адал, таза әрі қайсар, өжет қыздың белгісі. Ол жөніндегі аңызбен көп адам құлағдар. Аңыз былайша өрбиді. Байырғы Жанкент шаһарын Санжар хан билеген. Ол Қарабура әулиенің өзі сұлу, өзі ақылды Бегім атты қызына үйленген. Бірде хан аң аулап жүріп, үйде қалған бүркіттің томағасына нөкерін жұмсайды. Нөкері кешігіңкіреп жетеді. Себебін сұрағанда: «Ханша білегімнен ұстап, жібермеді» деп өтірікті соғып жібереді. Бұған ашуланған хан: «Менің көзіме шөп салғың келді ме?» деп Бегімнің қолын қылышпен шабады. Кінәсіз қызының бұлай жазаланғанына күйінген әулие әке ордалы жылан ұясын шақырады. Жылан хан ордасын лезде басып қалады. Санжар хан кейін өзінің қателік жасағанын сезіп, қыздан кешірім сұрағанымен Бегім оның айтқанын тыңдамайды. Сөйтіп, бұдан былайғы өмірін әкесі салып берген мұнарада өткізіпті-мыс.
    – Әртүрлі халықтың басында болған тарихты саралағанда алдымен ондағы игілікке қол жеткізуге ұмтылған ұлы тұлғалар ойға оралды. Қазақ даласында бітім-болмыс, ақыл-парасат, үлгі-өнегесімен дараланған жандар көптеп саналады. Сондай ардақты жанның бірі – Бегім ана. Тарихи тұлға туралы «Қарабура» кітабым жазылған кезде терең зерттеген болатынмын. Сыр өңіріндегі оған арнап қойылған ескерткіш-кесенені білетіндер барып тағзым етеді. Ол орында мен де болып, үлкен әсерге бөлендім, – дейді белгілі композитор, Мәдениет қайраткері Ілия Жақанов.
    Жалаңтөс баһадүр жөнінде тарихшы К.Катаевтың мынандай сөзі бар. «Азия тарихында үш жолбарыс болды. Олар – Шыңғыс хан, Әмір Темір, Жалаңтөс». Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек. Бабамыздың ерен ерлігі жоңғарлармен шайқас кезінде байқалды. Жетісудағы Жәңгір сұлтанға көмекке келіп, осының нәтижесінде қазақтар жауды ойсырата жеңеді.
    Жалаңтөс Самарқанда отыз жылдай билік құрған. Жолбарыс жүректі батыр Регистан орталығынан «Шер-дор» («Арыстанды»), «Тіллә-қари» («Алтынмен апталған») медреселері мен сәулетті сарайлар тұрғызған. Жоғарыда аталған конференцияда Жалаңтөс баһадүрдің атын барша қазақ халқына таныстыру, Астана, Алматы қалаларында ескерткішін ашу, көше атын беру, Ресей, Өзбекстан мұрағаттарындағы баһадүрге қатысты деректерді зерттеу жайы да кеңінен сөз болды.
    «Асандар көтерілісі» туралы шындық Тәуелсіздік алған жылдардан кейін ғана айтыла бастады. Бұл кеңестік жүйенің қитұрқы саясатына қарсы жергілікті шаруалардың бас көтеруі еді. Талай боздақтар жазықсыз оқ құшты. Көңілге демеу болатын жайт, әділетсіздікке, әміршілдікке қарсы шыққандардың ерлігі орынды бағаланып келеді. Алғашқыда Сырдарияның «Әлсейіт» өткеліне жақын жерде ескерткіш орнатылды. Арада он бір жыл өткеннен кейін көтерілістің 80 жылдығына орай ескерткішті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Енді, міне, аудан орталығында жаңадан ескерткіш бой көтерді.
    – Ескерткіш бұрын дарияның арғы жағында болатын. Көп адамның аяғы жете бермейтін елеусіздеу жерде еді. Тәуелсіздігіміздің ширек ға­сырлық мерекесі қарсаңында көтері­ліске қатысушыларға арнап аудан ор­талығында жаңадан ескерткіш орнатуға шешім қабылдадық, – дейді аудан басшысы Н.Шамұратов.
    Тағылымдық, тәлімді мәні зор еңселі ескерткіштердің ашылуына жекелеген кәсіпкерлер, азаматтар қаржы бөліп, демеушілік көрсетті. Солардың бірі алматылық кәсіпкер Ербоздақ Өтеуов. Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жалаңтөс баһадүрдің мавзолейі ашылу кезінде жанашыр азаматтың еңбегін бағалап, көпшілік алдында иығына шапан жапты.
    – Біз Ербоздаққа дән ризамыз. Алыста жүрсе де туған жерін ұмытпай, әрдайым қолғабыс жасап жүрген жер­ле­сімізге ризашылығымызды білдіре отырып, Ербоздақтай азаматтар көп болса екен деп тілейміз, – деді Қырымбек Елеуұлы жүрекжарды лебізін білдіріп.
    Ербоздақ болса бүгінгі толқынысын былайша жеткізді:
    – Отбасыммен Жетісу жеріне қоныс аударғаныма да қырық жылдай уақыт зыр ете өтіпті. Сонда да кіндік қанымыз там­ған жерге әрдайым бүйрегіміз бұрып тұрады. Үнемі ел жаққа елеңдеп, жа­ғымды жаңалық жетсе жадырап қаламыз. Үлкенді-кішілі шаралардан мүмкіндік болса қалыс қалмауға тырысамын.
    Жақында Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығына сәйкес өткізілгелі жатқан мә­дени-рухани жұмыстар жайлы естіп, қуанып қалдым. Сосын тойдың кәдесіз болмайтынын ескеріп, қомақты қаржы аудардым. Бұл – біздің туған жер алдындағы азаматтық борышымыз және перзенттік парызымыз.
    Ат бәйгесіз тойдың шырайы келген бе?! «Әбдірахман төбе» баурайындағы тай, құнан, тоқ аламан бәйгелерін қызықтаушы жұрт қарасы көп болды. Оза шауып келген тұлпарлардың иелеріне жеңіл автокөліктің кілті тапсырылды. Құсбегілер сайысы да жиналғандарға қуаныш сыйлады. Ал қыз қуу, теңге алу сияқты ұлттық ойындарды тамашалаған қауым естен кетпес әсер алғандары күмәнсіз.
    Кенттегі орталық алаңда еліміздегі эстрада жұлдыздарының қатысуымен болған мерекелік гала-концерт Қазалы аспанын әсем әуенмен көмкерді. Көпшіліктің жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі екенін сан түрлі түспен құбылған отшашу дәлелдеп жатты.
    Арнайы тігілген киіз үйлерде бабалар рухына ас беріліп, құран бағышталды. Жан-жақтан келген қонақтар ел бірлігін, тыныштықты, жақсылықты арқау еткен ақжарма тілектерін ортаға салды.
    – Бұл шараның бүгінгі замандас пен келешектегі ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Тарихты білмей, болашақты бағдарлауымыз мүмкін емес. Болашақ ұрпағымыз сол батыр бабаларының, данагөй даналарының ерліктері мен өмір жолдарын ұлықтай жүрсе ұтпасақ ұтылмаймыз, – дейді ауданның ардақты азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов.
    Тәуелсіздік – сөзбен айтып жеткізуі қиын ұлы ұғым. Осыны жақсы түсінген Қазалы халқының Азаттық мерекесін дүбірлетіп атап өтіп жатқандары сырт көзді сүйсіндіреді. Жақсылыққа қуана білу де – баға жетпес қасиет.


    Нұрперзент ДОМБАЙ,

    “Ана тілі”

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Алматы циркінде – “Азия жаңғырығы”

    Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ...