Студент өлімінен соң. ІІМ үндеу жасады

96
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eN27beWVoWprerQrbaBv2jm18ksHwaDmJhVhaXXO.webp

Ішкі істер министрлігі студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасады, деп хабарлайды “Адырна”. 

Ведомство оқу орындары мен жатақханаларда зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, бопсалауға және өзге де құқық бұзушылықтарға жол бермеу керектігін ескертті.

ІІМ мәліметінше, оқу жылы басталғалы бері студенттер арасында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 фактісі бар.

Қазір студенттер жатақханаларына полиция қызметкерлері бекітілген. Оқу ғимараттарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кіріп-шығу тәртібі бақылауға алынған. Сонымен қатар студенттер мен оқытушыларға арналған 207 профилактикалық іс-шара өткізілген.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, жатақханаларда учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері орналастырылған. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.

Министрлік университет басшылығына зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің шағымдарын елемеуге және оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайтынын ескертті.

«Зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін. Студенттерге айтарымыз, ешкімнің ар-намыстарыңызды таптауына, қорқытуына немесе заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеуіне жол бермеңіздер. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе бопсалаудың құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар», – деді Құралай Карина.

评论