“Кәрім Мәсімовтің туысымын”. Бұрынғы полицей сотталды

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Qqk9RkDZnRAyxB016Q50Zcm5Xxgly8Ca9jWpLb7g.webp

Фото: Kozachkov телеграм арнасы

Алматыда өзін ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырып, мемлекеттік органдардағы мәселелерді шешуге уәде берген бұрынғы полиция полковнигі 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Kozachkov offside» Telegram арнасында сот материалдарына сәйкес материалдар туралы ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған Әлімжан Қадыров әртүрлі өңірлерде жол полициясының басшылық лауазымдарында болған. Ол қызметтік байланыстары мен ықпалын пайдалана алатынын айтып, таныстарына мемлекеттік органдардағы мәселелерді шешіп беруді ұсынған.

Атап айтқанда, ол Алматыдағы «Алтын квадрат» аумағынан жер учаскесін рәсімдеп беруге уәде етіп, бір азаматтан 53 мың доллар талап еткен. Сондай-ақ Алматы облысындағы алма бағын қайтаруға көмектесетінін айтып, тағы бір азаматтан 200 мың долларға жуық қаражат алған.

Бұдан бөлек, қарызына байланысты шетелге шығуға шектеу қойылған азаматтың мәселесін шешу үшін 35 мың доллар сұраған. Ал төртінші азаматтан кәсіпке инвестиция салу сылтауымен 48 мың доллар алып, кейін тағы 10 мың доллар талап еткен. Соңғы қаражатты сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің жұбайын емдеуге жұмсайтынын айтқан.

Тергеу барысында Қадыровтың сенімге кіру үшін өзін Кәрім Мәсімовтің туысы ретінде таныстырғаны анықталған. Алайда олардың арасында туыстық байланыс болмаған.

Бұрынғы полицейге қатысты алғашқы арыздар 2020 жылдың сәуірінде түскен. Бірнеше азаматтың шағымынан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған. Кейін ұсталғанымен, тергеу ұзаққа созылып, күдікті тергеу изоляторына тек 2025 жылдың соңында қамалған.

Сотта оған төрт эпизод бойынша алаяқтық жасады деген айып тағылды. Алайда Қадыров кінәсін мойындамай, жәбірленушілердің үшеуінен ақша алмағанын, ал төртінші азаматпен есеп айырысқанын мәлімдеген.

Сот оның уәждерін негізсіз деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген.

评论