«Нұр Отанның» бұрынғы идеологы – 10 жылға, жиені 6,6 жылға сотталды

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EsknaFbsn0Aqx8hoJXMtd9jnaRdh2H3M3pI2ZHVT.png

Алматының Алмалы аудандық соты "ҚазТрансГаз" басшысының экс-кеңесшісі, "Нұр Отанның" бұрынғы идеологы, белсенді Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Сот оны 190-бап (Алаяқтық) бойынша 8 жылға, 188-бап (Ұрлық) бойынша 4 жылға, 340-бап (Ағаштарды заңсыз кесу) бойынша 4 жылға, 274-бап (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша 3 жылға соттады. Ал 218-бап (Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру) бойынша жауапқа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатты. Сот түпкілікті жазаны 10 жыл деп белгіледі.

Бұдан бөлек, Боқаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеуге, ақпарат құралдарын құруға, сұхбат беруге және құқық қорғау қызметімен айналысуға тыйым салынды.

Оның жиені Мадияр Қалменов алаяқтық үшін 6 жыл 6 айға сотталды. Ол да ҚК-нің 218-бабы бойынша жауапқа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды. Ал бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектеліп, оған да Боқаевқа қойылған тыйымдар 5 жыл мерзімге қолданылды.

Боқаевтың 18 наурыздан, Қалменовтің 23 маусымнан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда отырған әрбір күні жазаны өтеудің бір жарым күніне теңестіріледі.

Еске салайық, кеше прокурор Боқаевты 12 жылға, Қалменовті 7 жылға соттауды, ал Нүсіпқожаның бостандығын 2 жыл 6 айға шектеуді сұраған еді.

Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ал Нүсіпқожа қазан айында кінәсін мойындап, үйқамаққа шығарылған болатын.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

评论