Алматыда ЖЭО-2 газға көше бастады. Кейін зиянды шығарынды 90 пайызға азаюы мүмкін

260
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZDN2qxRPtbdgFetpmilwJYMLYJ4rVruCEBRiM43J.jpg

Фото: Энергетика министрлігі

Алматыдағы №2 жылу электр орталығында (ЖЭО-2) алғашқы газ турбинасы іске қосылды. Станция толықтай газға көшкеннен кейін зиянды заттардың ауаға таралуы 90 пайыздан астамға қысқарады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

25 қараша күні станцияда Siemens Energy компаниясы шығарған газ турбинасы алғаш рет сәтті іске қосылды. Ал өндірілген электр энергиясын желіге беру 30 қарашаға жоспарланған. Қалған екі газ турбинасын 2026 жылдың желтоқсан айында іске қосу көзделіп отыр.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін ЖЭО-2-нің электр қуаты 557 МВт-қа, ал жылу өндіру қуаты сағатына 957 Гкал-ға жетеді.

Мамандардың болжамынша, станцияны газға көшіру нәтижесінде зиянды заттардың жылдық шығарындылары 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азаяды. Сонымен қатар күкірт диоксиді мен көмір күлінің ауаға таралуы іс жүзінде толықтай тоқтатылмақ.

Еске салайық, биыл шілде айында Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыдағы ЖЭО-3 жаңғырту жұмыстарының мерзімінде орындалмауына байланысты жауапкершілік мәселесін көтерген болатын.

Ал наурызда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Президент қабылдауында 2026-2027 жылдары Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтарын газға көшіру жоспарланғанын мәлімдеген еді.

评论