Ақтаудағы NIS оқушыларының Каспий итбалығын қорғауға бағытталған экологиялық бастамасы мемлекеттік грантқа ие болды

254
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VNloIqwCZmFh4JAXqr6Wn24mKNj09gYtmD87Shd8.jpg

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының Каспий итбалығын сақтауға бағытталған экологиялық бастамасы қоғамдық жобаға ұласып, мемлекеттік гранттың қолдауына ие болды.

Каспий итбалығы санының азаюы, теңіздің ластануы, климаттың өзгеруі және табиғи тіршілік ортасының тарылуы - бүгінгі күннің өзекті экологиялық мәселелерінің бірі. Бұл түйткілге Ақтаудағы NIS-тің «Эколидер» волонтерлік клубының мүшелері бірнеше жылдан бері назар аударып келеді.
Табиғатты қорғау бағытындағы жұмысты кеңейту мақсатында клуб жетекшісі Бақытгүл Жақсылықованың бастамасымен «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестік «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік грантын иеленіп, Маңғыстау облысының Балық шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша зерттеу жүргізді.
Түпқараған және Қарақия аудандарының жағалаудағы елді мекендерін қамтыған зерттеуге балықшылар, жергілікті тұрғындар, оқушылар, студенттер, волонтерлер, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Нәтижесінде Каспий итбалығын қорғауға, оның тіршілік ортасын сақтауға және халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған 21 практикалық ұсыныс әзірленді. Бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі.
Жоба аясында оқушылардың да белсенділігі ерекше. Арслан Рафаил жетекшілік ететін «Итбалық сақшылары» бастамашыл тобы экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне атсалысуға шақырады.

«Біз үшін ең маңыздысы жағалаудағы тұрғындардың, балықшылардың, балалар мен жастардың пікірін тыңдап, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын ескеру. Табиғатты қорғау саласындағы шешімдер жергілікті қауымдастықтардың қатысуынсыз толыққанды әрі тұрақты бола алмайды», – дейді Бақытгүл Жақсылықова.

Жас экологтардың жұмысы халықаралық деңгейде де танылды. Бақытгүл Жақсылықова мен NIS оқушысы Арслан Рафаил америкалық The New York Times басылымына сұхбат беріп, Каспий теңізінің экологиялық мәселелері мен итбалықтарды сақтау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

2015 жылы 15 оқушымен құрылған «Эколидер» волонтерлік клубы бүгінде 300-ден астам еріктіні біріктіреді. 2024 жылы клуб Маңғыстау облысындағы үздік волонтерлік клуб атанды.  Сондай ақ, клуб аясында 19 экологиялық жоба жүзеге асуда. 

Клубтың көпжылдық қызметі «Тамшы» деректі фильмінде де көрініс тапты. 2026 жылы БҰҰ жариялаған Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені волонтерлікті дәріптеуге арналған фильмнің кейіпкерлері ретінде «Эколидер» клубы мен оның негізін қалаушы Бақытгүл Жақсылықованы таңдады.

评论
其他材料