Ауылдағы интернет пен байланыс. Үкіметтегі талқы

409
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kMM92z8LLbQQkEyAVGkWVD0A50VHNoT88Ggsp30k.webp

Бүгін Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту мәселесі талқыланады. Күн тәртібінде ауылдарды интернетпен қамту, 5G желісін кеңейту, спутниктік байланысты дамыту және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері қаралады, деп хабарлайды "Адырна".

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы 6 179 ауылдық елді мекеннің 2 606-сына ұзындығы 120 мың шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. 2026 жылдың соңына дейін интернетке қосылу деңгейін 90 пайызға жеткізіп, тағы 3 мың ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланып отыр.

Шалғай және қатынауы қиын аумақтарды интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар да қолданылуда. Сонымен қатар ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық желілерді кеңейту, «Соңғы миль» жобасын іске асыру, 5G желісін дамыту және автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, телекоммуникация саласы соңғы бес жылда тұрақты өсім көрсеткен. Саланың дамуына серпін беру мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Жоба аясында 2027 жылға қарай елді мекендерді байланыс желілерімен және секундына кемінде 100 Мбит жылдамдықтағы интернетпен толық қамту көзделген.

Биыл шілдеде Үкімет резервінен KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін құруға 10,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыруға бағытталған. Оның жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа спутник ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, шалғай елді мекендердегі интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық дербестігін нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралған болатын. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, биылғы он айда өндіріс көлемі 9,3 пайызға өскен.

Саланы дамыту мақсатында жалпы инвестиция көлемі 1,7 триллион теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның 5,5 мыңы ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, оның 500 миллиард теңгесі экспортқа бағытталады.

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 миллиард теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылған. Қалған жобаларды аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ мыс балқыту зауыттарын салу, автомобиль және теміржол машина жасау салаларында өндірістік кластерлер құру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл ескірген ауыл шаруашылығы техникасының үлесі 60 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Оның дерегінше, он айда лизинг арқылы сатып алынған комбайндар саны 21 пайызға, тракторлар саны 16 пайызға артқан. Сатып алынған техниканың 95 пайызы отандық өндірістің үлесінде.

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ жобаларында елішілік құндылық үлесіне қойылатын талаптар күшейтілетінін айтты. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің мәліметінше, соңғы екі жылда Қазақстанның IT қызметтер экспорты екі еседен астам өсіп, 1,1 миллиард доллардан асқан.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасы отандық өнеркәсіптің дамуына қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың шамамен 73 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өнімдерге басымдық беріп, рәсімдердегі кедергілерді жою қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ Көлік министрлігіне халықаралық тасымалдарда отандық жүк көліктеріне сұранысты арттыру, оның ішінде жеңілдетілген лизинг тетіктерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдауды жүктеді.

Ол бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобаларда қазақстандық компаниялар мен отандық өнімдерге басымдық берілуі керектігін ескертті.

评论