Былтыр 12 жылға сотталған шенеунік биыл түрмеден шығады деген шешімнің күші жойылды

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/349Gb8k7BOxuCURXEF4wRhIhlRnYbpF4izn0qs40.jpg

Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі  Кәрім Көкірекбаев колонияда жазасын өтеуді жалғастырады. Алматы облыстық соты оны денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сот қаулысы 17 қарашада шығарылған.

«№57 мекеме әкімшілігінің сотталған Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысы қанағаттандырылды. Алайда сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты прокуратура сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізген.

«Істі апелляциялық инстанцияда қарау барысында бірінші сатыдағы сот заң нормаларын өрескел бұзғаны анықталды. Сотталған адамның ауру деңгейі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген, жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді»,– деп түсіндірді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.

Нәтижесінде Алатау қалалық сотының қаулысы күшін жойып, колония әкімшілігінің сотталушыны босату туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Апелляциялық сот алқасының шешімі заңды күшіне енген.

2025 жылдың шілдесінде Кәрім Көкрекбаев аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған еді. Бұл іс бойынша оның орынбасары да, сондай-ақ орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін ақша берген ЖШС директоры да сот алдында жауап берген. Алайда аталған жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Мемлекеттік мекемеге келтірілген шығын көлемі 1,9 млрд теңгеге бағаланған.

Кәрім Көкрекбаев 2013-2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған. 2019 жылы «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған. Ол 2022 жылдың желтоқсанында ұсталған болатын.

2024 жылғы 7 шілдеде алқабилер соты Қарім Көкрекбаевты ақтаған еді. Келесі күні Бас прокуратура бұл үкімге наразылық білдіретінін мәлімдеген. Ал 2024 жылдың шілдесінде сот алқасы істі қайта қарауға жіберген.

评论