Ақмола облысында 310 адам кәсіптік оқытудан өтті

215
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/U34p1xsfuTptIN1clnkYUySQ8gFlYxvFoPRds0X8.jpg

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты меңгеру – тұрақты жұмысқа орналасудың бір жолы. Әсіресе кәсібін ауыстырғысы келетін немесе жаңа дағдыларды игеруді көздейтін азаматтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың маңызы зор. Ақмола облысында биыл осы бағытта жоспарланған көрсеткіш артығымен орындалды, деп хабарлайды Adyrna тілшісі.

Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2026 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 300 адамды қамту жоспарланған. Алайда 1 қарашадағы жағдай бойынша 310 адам оқудан өтіп, жылдық жоспар 103 пайызға орындалды.

«Бұл бастама «2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау. Кәсіптік оқытудың ерекшелігі – азаматтардың жаңа дағдыларды қысқа мерзімде меңгеруіне мүмкіндік беру. Бұл әсіресе тұрақты жұмысы жоқ, кәсіби бағытын өзгерткісі келетін немесе еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін адамдар үшін маңызды», – деп түсіндірді басқармадан.

Сонымен қатар өңірде жұмыспен қамтудың өзге де белсенді шаралары қолға алынған. 2026 жылғы 1 қарашаға дейін 2 155 адам осындай бағдарламалармен қамтылды. Оның ішінде 1 201 адам қоғамдық жұмыстарға, 425 адам жастар практикасына, 245 адам «Күміс жас» жобасына қатысқан.

Кәсіптік даярлау жұмыспен қамту шараларымен қатар жүргізілгенде ғана нақты нәтиже береді. Өйткені жаңа мамандықты меңгерген азамат үшін білімін іс жүзінде қолданатын жұмыс орны болуы маңызды. Ал жұмыс берушілер үшін кәсіби даярлығы бар мамандарды табу өндірістің тұрақтылығына ықпал етеді.

«Сондықтан қысқа мерзімді оқыту тек жаңа кәсіп үйретумен шектелмей, азаматтардың еңбек нарығына қайта оралуына және тұрақты табыс табуына жол ашатын құрал ретінде қарастырылады», – деп толықтырды ведомстводан.

评论
其他材料