Күдікті жеңгетай Грузиядан Қазақстанға жеткізілді

236
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PU6JLzurTqf3RSnJaWN6Z9wGG9pgbwNJobyHrh5O.jpg

Қазақстанда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жеңгетайлықпен айналысқан Өзбекстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге қайтарған.

Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсететін адамдардың «Kyzdar.net» интернет-ресурсындағы сауалнамаларын ақылы түрде толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Осы арқылы олардың қызметтерін жарнамалап, ілгерілетумен айналысқан.

Сонымен қатар топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған ақшаны сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.

Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың бірнеше мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті мен топтың өзге де кейбір мүшелері тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл шілде айында күдікті Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.

Аталған қылмыстарды жасағаны үшін күдіктіге мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Kyzdar.net сайты 2011 жылдан бері жұмыс істеп келген. 2023 жылдың наурызында құқық қорғау органдары сайттың 11 топ-менеджерін ұстаған. Алайда 2024 жылдың қыркүйегінде Ішкі істер министрлігі қылмыстық істі тоқтатты. Сол кезде министрлік сайтты бұғаттау мүмкін емес екенін, себебі оның америкалық интернет-провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасқанын мәлімдеген.

Биыл 15 маусымда Алматыда Kyzdar.net сайтының болжамды ұйымдастырушылары ұсталды. Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз табысы 2 миллиард теңгеге бағаланған.

Сайттың болжамды иелеріне тиесілі Алматы қаласы мен облысынан қымбат мүлік анықталды. Атап айтқанда, күдіктілердің атына шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін сегіз компания, бес пәтер, алты коммерциялық нысан, алты коттедж, 10 жер учаскесі, алты автотұрақ орны және 11 люкс санатындағы автокөлік тіркелген.

评论