Жанармай бағасы өссе... Ұлттық банк инфляцияға әсерін түсіндірді

141
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OJ3JSoyUOLNeiig2ZcBhQPo0P3CU4Vn5OkCKFkqA.jpg

Қазақстанда бензин мен дизель отынының қымбаттауы инфляцияға жанама әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Себебі жанармай бағасының өсуі тек автокөлік жүргізушілерінің шығынын арттырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтерді тасымалдау құнына да ықпал етеді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Баймағамбетовтің айтуынша, қыркүйекте жанар-жағармай материалдары бағасының жылдық өсімі 10,4–10,5 пайыз шамасында болған. Ал қазанда бұл көрсеткіш 8,4–8,5 пайызға дейін төмендеген. Бұған өткен жылдың қазан айындағы жоғары көрсеткіштің есептік кезеңнен шығуы әсер еткен. Ол кезде де жанармай бағасы айтарлықтай өскен.

Баймағамбетов жанармай бағасының тұтыну қоржынындағы тікелей үлесі аса жоғары болмаса да, оның басқа салаларға әсері маңызды екенін атап өтті.

«Тұтыну қоржынындағы үлесіне байланысты тікелей қосылатын үлес соншалықты көп болмауы мүмкін. Бұл жерде желілік әсер маңыздырақ», – деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары жанармайды «маркер-тауар» деп атады. Оның сөзінше, жүргізушілер жанармай құю бекеттеріндегі баға өзгерісін бірден байқайды. Сонымен қатар бензин мен дизель отынының қымбаттауы кәсіпорындардың шығынын, әсіресе логистика мен тасымалдау құнын арттыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер етеді.

«Бензин бағасының өсуіне базалық мөлшерлемемен тікелей жауап бермейміз. Бірақ оның жанама әсерін мұқият бақылаймыз. Біз үшін бұл өсімнің басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына қалай ықпал ететіні маңызды», – деп түсіндірді Баймағамбетов.

Ол жанармай бағасының өсуін келесі жылға арналған инфляциялық болжамдағы проинфляциялық тәуекелдердің бірі ретінде атады. Бұл фактор Ұлттық банктің болжамдары мен шешімдерінде ескерілмек. Дегенмен реттеуші инфляция белгіленген дәліз шегінде болады деп күтеді.

Сонымен қатар Баймағамбетов Қазақстанда бензин өндірісінің тиімділігін арттыру үшін мұнай өңдеу саласын либерализациялау маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, өндірушілер қажетті шикізатпен қамтамасыз етіліп, саланың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Бұл ретте нарық қатысушыларының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет.

评论