Жамбылда желідегі жазба сот дауына себеп болды

359
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tU1R3YOXnG6fo0UfCgEGaSPu9a6bPSN6rxt2KDQo.jpg

Жамбыл облысында мемлекеттік органның жұмысына қатысты Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жазба сот талқылауына ұласты, деп хабарлайды “Адырна”. 

Бөлім басшысы жазба авторынан ақпаратты теріске шығаруды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен. Алайда тараптар медиация тәртібімен келісімге келді.

Талап қоюшының айтуынша, жарияланым авторы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына күмән келтіріп, бөлім жұмысын «жеке дүкенмен» салыстырған. Сондай-ақ жазбада мекеме қызметкерлері азаматтардың мәселесін шешуге заңсыз кедергі келтіріп отырғандай әсер қалыптасқан.

Сотта жарияланым шыққан кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге заңмен белгіленген мерзімнің әлі аяқталмағаны атап өтілді. Соған қарамастан, әлеуметтік желіде қызмет көрсету мерзімінің бұзылғаны және азаматтарға негізсіз кедергілер жасалғаны туралы мәлімдемелер жарияланған.

Талап қоюшы бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді әрі мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептеген. Осыған байланысты ол ақпаратты жалған деп тануды, жарияланымдарды өшіруді, теріске шығару жариялауды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен.

Істі қарау барысында тараптар өзара келісімге келді. Медиациялық келісім бойынша жауапкер Facebook желісінде теріске шығару жариялауға, бөлімнен кешірім сұрауға және алдағы уақытта ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын тексеруге міндеттелді.

Өз кезегінде талап қоюшы бастапқы талаптарынан бас тартты. Сот медиациялық келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

评论