Жемқорлық бойынша кінәлі деп танылған шенеунікке шыққан үкім жойылды

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты қылмыстық іс қайта қаралады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кассациялық сот оған тағайындалған 12 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы туралы үкімнің күшін жойды. 

2025 жылғы қазанда алқабилер Манат Сарбасовты пара алу, ақшаны заңдастыру және қызметтік міндеттерін орындамау бойынша кінәлі деп таныған. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар ол алаяқтық және өзге де бірқатар айып бойынша ақталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сарбасов кәсіпкерден жекеменшік мектепке қамқорлық көрсету үшін 70 миллион теңге алған. Сондай-ақ ол бұл қаражатты жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсап, кейін одан түскен табыс арқылы ақшаны заңдастырды деп айыпталған.

Бұдан бөлек, оған медициналық жабдық сатып алу кезінде 92 миллион теңгеден астам қаражаттың жымқырылуына байланысты қызметтік әрекетсіздік жасады деген айып тағылған. Аталған іс бойынша басқа да бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлер жауапқа тартылған.

Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбековтің айтуынша, қорғау тарапы алқабилерге қойылған сұрақтардың күрделі әрі заң терминдеріне толы болғанын алға тартқан. Оның пікірінше, сұрақтардың тұжырымдары түсініксіз болған.

Кассациялық сот осы мәселелер бойынша заңбұзушылықтар болғанын мойындап, 12 жылдық жаза тағайындалған үкімнің күшін жойды. Енді қылмыстық іс қайта қаралады.

Манат Сарбасов Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары болған. Ол ұлттық қауіпсіздік органдарында 20 жылға жуық қызмет атқарған.

评论