Тәуелсіздік жолы қалай ашылды? «Қазақ» сөзінің өзі талқыға түскен»

233
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bNPgAOcgXPAUuRjLOW655oYwfcO5DNNRDyy6gbff.png

Тәуелсіздіктің қарсаңында елдің Егемендігі туралы декларацияны қабылдау оңайға түскен жоқ. Сол кезеңдегі саяси тартыстар мен ұлттық мүддені қорғау жолындағы күрес тарихи құжаттың маңызын арттыра түсті. “Адырна” ұлттық порталы осы тарихи оқиғаның куәгерлері мен сарапшыларына кезек береді.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған тәуелсіздікке жол ашты. Алайда декларацияны қабылдау оңайға түскен жоқ. Сол кезеңдегі саяси тартыстар, депутаттар арасындағы пікірталастар мен ұлттық мүддені қорғау жолындағы күрес тарихи құжаттың маңызын арттыра түсті. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы осы тарихи оқиғаның куәгерлері мен сарапшылардан сұрап білді.

«БІР СӘТТЕ АЛТЫН БАЛЫҚТАН АЙРЫЛҒЫСЫ КЕЛМЕДІ»

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметтің айтуынша, егемендік пен тәуелсіздік қазақ халқы үшін әрдайым ең қастерлі құндылықтардың бірі болған. Ғалым 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған декларацияны Қазақстанның мемлекеттік дамуындағы маңызды белес ретінде бағалайды.

«Шынайы тәуелсіздік жолына түскен біздің республика үшін айтулы оқиғалардың біріне, сөз жоқ, 1990 жылғы қазанның 25-інде Жоғары Кеңестің Қазақстан мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қабылдауын жатқызуға болады. Бұл құжаттың тек сол кезеңде ғана жұмыс істеп қоймағанын, сонымен бірге республика жаңа Конституциясының негізі болғанын, Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық перспективасына жол ашқанын дәлелдеп берді», - дейді Аққали Ахмет.

Оның сөзінше, декларация Кеңес одағындағы саяси және экономикалық дағдарыс тереңдеген, одақтас республикалар өз құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейтуге ұмтылған кезеңде қабылданды. Орталық билік бұрынғы басқару жүйесін сақтауға тырысқанымен, республикаларда ұлттық мүддені қорғау және дербес шешім қабылдау қажеттігі күшейе түсті.

«Орталық шикізат базасы ретінде Қазақстанға үнемі арқа сүйеп келді. Бір сәтте алтын балықтан айрылғысы келмеді», - деп атап өтті ғалым.

Аққали Ахметтің пікірінше, сол кезеңнің саяси жағдайын ескермей, тарихи құжатқа бүгінгі күннің өлшемімен ғана баға беру дұрыс емес. Декларацияны әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына халық депутаттары, атқарушы билік өкілдері, экономистер мен құқықтанушылар кірді. Республика азаматтарынан түскен ұсыныстар қаралып, жоба бірнеше рет талқыланды. Кейін бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып, депутаттардың қарауына берілді.

«Декларация – ерікті мемлекет ретіндегі республика мәртебесінің барлық мәселелерін біртұтас, кешенді түрде шешкен және оны қатаң құқықтық (заң) жолмен бекіткен Қазақстан тарихындағы тұңғыш құжат», - дейді Аққали Ахмет.

Ғалымның айтуынша, декларацияда республиканың саяси, экономикалық және ұлттық-мәдени дамуына қатысты мәселелерді дербес шешу қағидалары көрініс тапты. Құжат Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін, аумақтық тұтастығын, табиғи ресурстарға қатысты құқықтарын және халықаралық қатынастардағы мәртебесін айқындауға негіз болды.

Фотода Аққали Ахмет

«ЕГЕМЕНДІКТІ ҚАБЫЛДАУ ОҢАЙҒА ТҮСКЕН ЖОҚ»

Сол кездегі оқиғалардың куәгері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаты, бертінгі Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов декларацияның қабылдануын ерекше еске алады. 

Оның айтуынша, 1980-жылдардың соңында Кеңес Одағында инфляция өсіп, азық-түлік бағасы қымбаттады, күнделікті тұтыну тауарларының тапшылығы күшейді. Халықтың тұрмысы нашарлап, әлеуметтік мәселелер ушыға түсті. Сонымен қатар одақтас республикаларда саяси өзгерістерге деген сұраныс арта бастады.

1990 жылғы наурызда өткен сайлауда Қуаныш Айтаханов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол кезде Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Оның сөзінше, сол шақырылымның ерекшелігі – депутаттардың баламалы негізде сайлануы және құрамында түрлі сала мамандарының болуы еді.

«Дәл осы кезеңде Мемлекеттік егемендік туралы декларация, республиканың алғашқы Конституциясы және нарықтық экономикаға көшуге бағытталған маңызды заңдар қабылданды. Сондықтан сол шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің қызмет еткен кезеңін тарихи кезең деп атаған артық емес», - дейді Қуаныш Айтаханов.

Бұрынғы депутаттың дегеніне қарағанда, декларацияны әзірлеу мен талқылау барысында ұлттық мемлекет құру, азаматтық қоғам қалыптастыру және қазақ ұлтының тарихи жауапкершілігі туралы мәселелер қызу талқыланған.

«Бұл кезең Қазақстанда демократиялық үдерістерге жол ашылған уақыт болатын. Сол кезде депутаттар арасында “Демократиялық Қазақстан” атты топ құрылды. Аталған топ Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның балама жобасын әзірлеп, оны Жоғарғы Кеңестің қарауына ұсынды.

Декларацияны талқылау барысында “Декларацияның бізге не керегі бар? Біз Кеңес одағында өмір сүріп жатырмыз. Әлде оған қарсысыңдар ма?” деген пікірлер айтылды. Сондай-ақ құжаттағы “қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып” деген тіркестен “қазақ” сөзін алып тастау туралы ұсыныс та болды. Осы мәселе төңірегіндегі талқылау бірнеше сағатқа созылды», - деп еске алады ол.

Қуаныш Айтахановтың айтуынша, құжатқа қарсы пікір білдірген депутаттарға Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелдиев және Өзбекәлі Жәнібеков бастаған бірқатар халық қалаулысы дәлелді жауап берген. Олар ұлттық мемлекеттілік мәселесін құқықтық тұрғыдан негіздеп, декларацияны қабылдауға күш салған.

Осылайша, ұзақ талқылаудан кейін құжат 1990 жылғы 25 қазан күні қабылданды. Қуаныш Айтаханов сол күнгі әсерін ерекше тебіреніспен жеткізеді.

«Егемендікті қабылдау оңайға түскен жоқ. Күні бойы талқыланып, 25 қазан күні кешкі сағат 18:55-те Егемендік туралы декларация қабылданды. Ал ол қабылданғаннан кейін біздің әсеріміз ерекше болды. Оны ұмыту мүмкін емес. Әнұран орындалып тұрғанда сессияға қатысушы депутаттар мен үкімет мүшелерінің көздеріне жас алып тұрғаны менің есімнен кетпейді. Бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіренгеннен шыққан жас еді. Менің де көзіме жас келді», - дейді ол.

Қуаныш Айтахановтың пікірінше, сол кездегі саяси жағдайда егемендік туралы декларация қабылдаудың өзі үлкен жеңіс болған.

«Сол кезде артық сөз айтқызбайтын заманда егемендік алу жөнінде декларация қабылдау үлкен жеңіс еді. Бұл – Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы қадам еді», - деп түйіндеді Қуаныш Айтаханов.

Фотода Қуаныш Айтаханов

«МӘЖІЛІС ЗАЛЫ – АЛАПАТ МАЙДАН»

Белгілі журналист, жазушы-публицист және қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев та декларацияның қабылдануындағы Салық Зимановтың рөліне ерекше тоқталады.

Оның айтуынша, сол кездегі Жоғарғы кеңес отырысында заң ғылымдарының докторы, академик Салық Зиманов декларация жобасын мінберде екі сағат бойы таныстырып, оның әр бабына түсініктеме берген. Құжатты талқылау кезінде қойылған 50-ден астам сұраққа жауап беруге тағы бірнеше сағат жұмсаған.

«1990 жылғы 25 қазан – қазақ халқы үшін шын мәнінде ақ түйенің қарны жарылған күн еді. Сол күннің басты қаһарманы – Жоғарғы кеңестің депутаты, заң ғылымдарының докторы, академик Салық Зиманұлы болды», - дейді Марат Тоқашбаев.

Марат Тоқашбаев сол кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің органы – «Халық кеңесі» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Сонымен бірге «Азат» азаматтық қозғалысының үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық-саяси үдерістерге қатысқан. Сондықтан декларацияның қабылдану барысын әрі парламент жұмысы, әрі қоғамдық қозғалыстар тұрғысынан бақылағанын айтады.

Марат Тоқашбаевтың мәліметінше, сол күні сессияға қатысқан 281 депутаттың 261-і Қазақстанның мемлекеттік егемендігін қолдап дауыс берген.

«Жоғарғы кеңестің мәжіліс залы Аңырақай шайқасы сияқты алапат майдан даласына айналып кетті. Азаттық үшін арпалысқан депутаттарымыз айқас алаңында Қабанбай, Бөгенбай батырлар тәрізді табан тіреп тұрып азаттықтың арайлы таңын жақындатты. Ұлыдержавалық, шовинистік сипаттағы отаршыл пиғылдағыларға заң тілімен, халықаралық құқық тілімен аяусыз соққы берді. Қазақ халқының егеменді өз мемлекетін құруға құқылы екендігін дәлелдеп шықты», – дейді ол.

Марат Тоқашбаевтың пікірінше, декларация Қазақстанның кеңестік жүйеден бірден толық бөлініп шығуын білдірмегенімен, республиканың өз аумағындағы билікке, табиғи ресурстарға, заңнамалық жүйеге және мемлекеттік басқаруға қатысты дербестігін кеңейтуге негіз қалады.

Декларацияда республиканың Конституциясы мен заңдарының үстемдігі, билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу, жер мен оның қойнауын және басқа да табиғи ресурстарды республика меншігі ретінде қарастыру сияқты маңызды қағидалар қамтылды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербес субъект ретіндегі мәртебесіне қатысты ережелер белгіленді.

Марат Тоқашбаев декларация мен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның айырмашылығына да тоқталады.

«Бұл екеуі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ құқықтық мағынасы әртүрлі тарихи құжаттар. 1990 жылы қабылданған Декларация Қазақстанның Кеңес Одағы құрамындағы егемендігін жарияласа, 1991 жылғы Конституциялық заң Қазақстанды дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады»,- дейді ол.

Сарапшы декларацияда қазақ ұлтының тағдырына жауапкершілік, ұлттық мемлекеттілікті сақтау мен нығайту, тіл мен мәдениетті дамыту, шетелдегі қазақтардың рухани қажеттіліктеріне қамқорлық жасау туралы қағидалардың бекітілгенін де атап өтті.

«Біріншіден, Қазақ КСР-і қазақ ұлтының тағдыры үшін жауаптылығы көрсетілді. Екіншіден, Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттiлігімізді сақтау, қорғау және нығайтуға қатысты шаралар қолданатындығы тайға таңба басқандай етіп жазылды. Үшіншіден, қазақ халқының, елде тұратын басқа да диаспоралардың тілін, мәдениетін дамытуға міндетті екендігі атап айтылды. Төртіншіден, республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны көзделді», – деп түсіндірді Марат Тоқашбаев.

Оның пікірінше, бұл қағидалар мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын түсіну үшін маңызды.

Фотода Марат Тоқашбаев

«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ДӘЛ ОСЫ ҚҰЖАТ ЖОРАЛҒЫ БОЛДЫ»

Белгілі журналист, бұрынғы депутат Ермұрат Бапи де 1990 жылғы 25 қазандағы оқиғаны Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы бетбұрыс кезеңдерінің бірі деп бағалайды.

«Бұл күні 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, республиканың дербес мемлекеттік дамуының негіздері айқындалды. Келесі 1991 жылы желтоқсанда қолымыз жеткен Тәуелсіздікке дәл осы құжат жоралғы болды! Бұл декларацияның басты маңызы осы», - дейді Ермұрат Бапи.

Оның пікірінше, Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесінде қайта бекітілуі 25 қазанның тарихи маңызын жаңғыртып, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу жолына қоғам назарын аударды.

Республика күні 1990 жылғы декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Бұл – тәуелсіздікке басталған жолды, мемлекеттің қалыптасу кезеңін және елдің кейінгі даму бағытын еске салатын күн.

Ермұрат Бапи мерекенің мәнін тек өткен тарихпен шектемей, қазіргі Қазақстанның жетістіктері мен алдағы міндеттерін пайымдаумен байланыстырады.

«Республика күні – Қазақстан үшін мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын еске алуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қандай елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін ұғынуға мүмкіндік беретін мереке», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, тәуелсіздіктің нақты мазмұны мемлекеттің экономика, технология, адами капитал және азаматтардың тұрмыс сапасы бағыттарындағы дамуымен тығыз байланысты.

«Тәуелсіздік өзінің практикалық мазмұнына мемлекет пен қоғамның экономиканы нығайту, адами капиталды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау қабілеті арқылы ие болады. Сондықтан әрбір адамның ел дамуына қосқан үлесі патриотизмді заманауи тұрғыдан түсінудің маңызды бөлігіне айналады»,-деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Оның пайымдауынша, Республика күні Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін саралап қана қоймай, демократиялық, әділетті және ашық қоғам қалыптастыру жолындағы міндеттерді де еске салады.

Фотода Ермұрат Бапи

РЕСПУБЛИКА КҮНІ НЕМЕСЕ АЗАТТЫҚ КҮНІ

Республика күнінің тарихы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған декларациямен тікелей байланысты. 2009 жылы мереке мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Ал 2022 жылы оған ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді.

Республика күнінің қайтарылуына бастамашы болған Марат Тоқашбаевтың айтуынша, Республика күнін қайта жаңғыртуға қоғам өкілдері мен зиялы қауым да үлес қосқан.

«Республика күні мерекесін қайта тірілту туралы мақалалар шығардық, әлеуметтік желілерде пост жаздық, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырдық. Ақыры ұсыныстарымызға қолдау жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қазақ халқы үшін қастерлі “Республика күнін” ұлттық мереке мәртебесінде қалпына келтірді! Бұл – еліміздегі ұлттық мәртебеге ие жалғыз мереке. Біз қуаныштымыз! Қазақ халқы қуанышты! Өйткені Республика күні дегеніміз – азаттыққа ұмтылған қазақ халқының, Қазақ Республикасының күрескерлік рухының жеңісі», - дейді ол.

Сондай-ақ Марат Тоқашбаев мерекенің атауына қатысты жеке ұсынысын да білдірді.

«Меніңше, саяси мағынасы түсініксіздеу “Республика күні” атауын “Азаттық мерекесі” немесе “Азаттық күні” деп атау әлдеқайда дұрыс сияқты көрінеді. Азаттық деген – айқын сөз»,-деп түйіндеді қоғам қайраткері.

Республика күні – күнтізбедегі мерекелік дата ғана емес. Бұл – егемендікке ұмтылған халықтың тарихи таңдауын, ұлттық мүддені қорғау жолындағы күресін және мемлекеттілікті нығайту жауапкершілігін еске салатын күн. Оның маңызы өткенді құрметтеумен қатар, тәуелсіз Қазақстанның болашағына қандай үлес қосатынымызды ой елегінен өткізуде жатыр.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

评论
其他材料