Қазақстандық оқушылардың да спутнигі Калифорниядан ұшырылды

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GXiCYiYqnFolYxwOF7cmiy87rtEUjdkKDdU9ZScL.jpg

2026 жылғы 1 қазанда Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әзірлеген NIS PocketQube шағын спутнигі ғарышқа ұшырылды. Аппарат SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны арқылы Калифорниядағы Ванденберг ғарыш күштері базасынан орбитаға жеткізілді, деп хабарлайды "Адырна".

NIS PocketQube жобасы бірнеше жылға созылған оқушылардың ғылыми-зерттеу және инженерлік жұмыстарының нәтижесі болды. Оны әзірлеуге Қазақстаннан және шетелден оқушылар, мұғалімдер мен ғарыш саласының мамандары қатысты.

Жоба оқушыларға спутник жасаудың теориялық негіздерін ғана емес, ғарыш миссиясының нақты кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді. Жас мамандар аппаратты ұшыруға дайындау, жердегі сынақтарды өткізу және ұшырылымды бақылау жұмыстарына атсалысты. Ал спутник орбитаға шыққаннан кейін одан түсетін телеметриялық ақпаратты қабылдау және талдау жоспарланып отыр.

Жоба қалай басталды?

NIS PocketQube жобасының негізі 2019 жылы қаланды. Басты мақсат – оқушыларға ғарыш технологияларын теория жүзінде оқытумен шектелмей, нақты ғарыш құрылғысымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру.

2020 жылы мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылып, 7–10 сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» арнайы курсы іске қосылды.

PocketQube — көлемі өте шағын спутник форматы. NIS PocketQube аппаратының өлшемі 5×5×5 сантиметр, салмағы шамамен 250 грамм. Соған қарамастан оның құрамында басқару, электрмен жабдықтау, радиобайланыс жүйелері және күн панельдері бар.

Спутникті әзірлеуге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы қатысты. Олар аппараттың 3D моделін жасап, компоненттердің орналасуын есептеді, электронды платаларды құрастырды және микроконтроллерлерді бағдарламалады.

Сонымен қатар оқушылар Python тілінде деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірлеп, аппаратты жердегі сынақтарға дайындады. Жоба барысында олар спутникті жобалаудан бастап, прототип жасау, сынақтан өткізу және ұшырылымға дайындауға дейінгі негізгі кезеңдерден өтті.

2022 жылғы желтоқсанда NIS PocketQube Ұлттық ғарыш орталығында термовакуумдық және механикалық сынақтардан өтті.

Жобаны жүзеге асыруда халықаралық ынтымақтастық та маңызды рөл атқарды. Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен грек компаниясымен бірлесіп, спутниктің ұшу үлгісін дайындау және қажетті тексерулерден өткізу жұмыстары жүргізілді. Аппарат UARX компаниясының ұшыру контейнеріне орналастырылды.

Жобаға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Ғалам» ЖШС мамандары да қатысты.

Спутник деректері қалай пайдаланылады?

Орбитаға шыққан аппараттан алынатын ақпаратты оқушылар физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия бағыттарындағы зерттеу жұмыстарында пайдаланбақ.

Спутниктік мәліметтерді қабылдау және өңдеу үшін арнайы жерүсті кешені орнатылады. Жоспар бойынша, оның көмегімен алынған деректер Қазақстандағы мектеп оқушыларына да қолжетімді болады.

Осылайша, NIS Space ғарыш зертханасы оқушылардың ғарыш инженериясы, электроника, бағдарламалау, спутниктік байланыс, робототехника және деректерді талдау салаларындағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру алаңына айналып отыр.

Бұдан алдын Қырғызстанның алғашқы ұлттық спутнигі де Калифорниядан Falcon 9 зымыран-тасығышымен ғарышқа жіберілгені хабарланған. 

评论