Халық Кеңесінің мүшелеріне жалақы төленбейді. Бұл туралы бүгін, 24 қыркүйек күні кеңес мүшесі Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган екенін еске салды.
«Халық Кеңесінің мүшелері бұл жұмысты ақысыз атқарады, яғни жалақы алмайды. Бұл – толықтай қоғамдық негіздегі қызмет. Ішкі құндылықтарымызға, ұстанымдарымызға, көзқарастарымызға және адалдығымызға сүйене отырып, шынайы әрі сапалы жұмыс істеуге тырысамыз», – деді ол.
Айтуынша, кеңес мүшелері қандай да бір лауазым иеленбейді және мемлекеттік қызметкер болып саналмайды.
«Бізге арнайы кабинет те, қызметтік көлік те бекітілмейді. Әрқайсымыз өз қызметімізді қатар алып жүреміз», – деп атап өтті Әбенов.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енген еді. Ата заңға енгізілген өзгерістерді азаматтар 15 наурызда өткен республикалық референдумда қолдаған болатын.
Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру үдерісіне консультативтік түрде қатысу арқылы Қазақстан халқының мүддесінің мемлекеттік басқару жүйесінде ескерілуін қамтамасыз ету.
Бұған дейін Қаржы министрлігі бюджет аясында консультативтік органның жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылғанын хабарлаған.
