Газа мен Батыс жағалаудағы қасіретке бейжай қарамаймыз – Ұлыбритания премьері

190
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NbF01UL1Vi1XXtK8MbnRjmU7FYu1n1IAwZ33V7gP.jpg

Фото: Dan Kitwood/Getty Images

Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернхэм Газа секторындағы және оккупацияланған Батыс жағалаудағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Лондонның «екі мемлекет құруға негізделген шешімін» қолдайтынын мәлімдеді. Бернхэм бұл туралы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Оның сөзінше, халықаралық қауымдастық Палестина мәселесін шешу үшін нақты қадамдарға баруы қажет.

«Сұмдық қасірет күшейіп, екі халық үшін де бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген ең үлкен үміт саналатын екі мемлекет құруға негізделген шешімге қауіп төніп жатқан кезде біз сырт қалмаймыз», – деді Ұлыбритания премьер-министрі.

Ол жақында Израильдің Батыс жағалаудағы заңсыз қоныстарына қарсы енгізілген санкцияларға да тоқталды. Бернхэмнің айтуынша, бұл шаралар Израильдің Палестина аумағын басып алуы заңсыз екенін мойындаудың бір көрінісі.

Премьер-министр 2023 жылғы 7 қазанда «ХАМАС» тобының Израильге жасаған шабуылын да атап өтті. Алайда оның пікірінше, бұл шабуыл Израиль үкіметінің Газа мен Батыс жағалаудағы кейінгі әрекеттерін ақтамайды.

«7 қазандағы шабуыл Израиль үкіметінің Газа немесе Батыс жағалаудағы әрекеттерін ақтамайды. Тым көп адам, оның ішінде өте көп бала қаза тапты», – деді Бернхэм.

Оның сөзінше, халықаралық қауымдастықтың екі мемлекет құру идеясын қолдауы нақты әрекеттермен бекітілуі керек.

«Егер халықаралық қауымдастық екі мемлекет құруға негізделген шешімді қолдайтынын нақты іс-әрекеттермен бекітпесе, бұл ұстанымға деген сенім әлсірейді», – деді ол.

Бернхэм сөзінде жасанды интеллект мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Ұлыбритания ұлттық маңызы бар инфрақұрылымды қорғау мақсатында АҚШ-пен жасанды интеллект саласындағы жаңа серіктестікті дамытып жатыр.

Премьер-министр ЖИ технологиясының қарқынды дамуына байланысты бұл саладағы негізгі шешімдерді кездейсоқтыққа қалдыруға болмайтынын айтты.

Ол соңғы уақытта жасанды интеллекттің қауіптері мен мүмкіндіктеріне қатысты бірқатар ескертулер жасалғанын атап өтіп, технологияны дамыту мен оны қауіпсіз қолдануға байланысты халықаралық ынтымақтастықтың маңызын айтты.

Бернхэм Ресейге қатысты Ұлыбританияның саясатына да тоқталды. Оның айтуынша, Лондон қорғаныс қабілеті мен тежеу әлеуетін одан әрі күшейте береді.

Сонымен бірге премьер-министр Ұлыбритания Ресеймен текетіресті мақсат етпейтінін атап өтті.

«Біз Ресейдің ережесімен ойнамаймыз және эскалациялық риторика жарысына түспейміз. Ресейден айырмашылығымыз – біз текетіресті көздемейміз. Біз бәріне дайынбыз, бірақ дүрбелеңге берілмейміз», – деді Бернхэм.

Премьер-министр сондай-ақ Ресейдің арнайы қызметтерін оңшыл радикалды нарративтерді таратты деп айыптады. Оның мәлімдеуінше, британ тарабы Ресей арнайы қызметтерінің 2019 жылғы парламенттік сайлауға араласуға әрекет жасағанына қатысты дәлелдерге ие.

«Кремль ақпаратты манипуляциялауға жыл сайын шамамен 1,3 миллиард фунт стерлинг, яғни 1,7 миллиард доллар жұмсайды», –  деді ол.

Бернхэм Ұлыбританияның Еуропалық одақ елдерімен қарым-қатынасына да тоқталды. Оның айтуынша, Лондон ЕО-дағы серіктестерімен тығыз байланысын сақтап, бұл қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті.

评论