Алексей Луценко алтын дубль жасап, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды

619
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UhrsjM8XB600HAUgzXtAm9HANJniTZtsKsL3ktyd.jpg

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші мәрте чемпион атанды.

Тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы 160,5 шақырымдық топтық жарыста Луценко мәреге бірінші болып жетті. Қазақстан құрамасының көшбасшысы қашықтықты 4 сағат 13 минут 11 секундта бағындырды.

Бұл сында Қазақстан спортшылары қос жүлдеге ие болды. Алексей Луценкодан 1 минут 58 секунд кеш келген Евгений Федоров күміс медаль еншіледі. Ал жарыстың қола жүлдесі Жапония өкілі Юхэй Тодомеге бұйырды. Қазақстанның тағы бір спортшысы Николя Винокуров мәреге жетінші болып келді.

Осылайша, Луценконың 2026 жылғы Азия ойындарындағы алтын медаль саны екіге жетті. Бұған дейін 20 қыркүйекте ол жекелей жарыста 41 минут 24,05 секунд нәтиже көрсетіп, чемпион атанған еді.

Жапониядағы жетістіктерін есептегенде, Алексей Луценко Азия ойындарындағы чемпиондық атақтарының санын алтыға жеткізді. Қазақстандық спортшы құрлықтық додаға төртінші рет қатысып отыр.

Луценко Азия ойындарындағы алғашқы алтынын 2014 жылы Инчхонда жекелей сында жеңіп алған. 2018 жылы Джакартада жекелей және топтық жарыстарда чемпион атанды. Ал Ханчжоудағы додада жекелей сында алтын, топтық жарыста күміс медаль иеленген.

Айта кетейік, Алексей Луценко бұған дейін де Азия ойындарының топтық жарысында топ жарған. Ол 2018 жылы осы бағдарлама бойынша чемпион атанған болатын.

Осы жолы Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы топтық жарыста бірден екі медаль жеңіп алды: Алексей Луценко – алтын, Евгений Федоров – күміс.

 

评论