Қазақстанда октан саны мен күкірт мөлшері белгіленген талаптарға сәйкес келмеген бензинді сатуға тыйым салынды. Бұл туралы LS басылымы Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттері жанармай құю станцияларында 55 бақылау іс-шарасын жүргізген. Оның ішінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алу шаралары бар. Нәтижесінде бензиннің 22 үлгісі алынып, үш жағдайда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған.
Алматыда АИ-100-К5-Евро бензинінің нақты октан саны 99 болған. Ал норматив бойынша бұл көрсеткіш кемінде 100 болуы керек. Сонымен қатар бензин құрамындағы күкірттің массалық үлесі 33 мг/кг болып, рұқсат етілген шекті мөлшерден – 10 мг/кг-нан асып кеткен.
Қызылорда облысында АИ-95-К4 бензинінің октан саны 92 болып шыққан. Ал Жетісу облысында АИ-92-К4 бензинінің құрамындағы күкірттің массалық үлесі 105 мг/кг болған. Бұл ретте белгіленген норма 50 мг/кг-нан аспауы тиіс.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты жедел шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Жетісу облысында әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 195 АЕК, яғни 843,4 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Октан саны бойынша талапқа сәйкес келмеген жағдайларға байланысты аумақтық департаменттер жалпы құны 5,76 млн теңге болатын бензин партияларын айналымға шығаруға тыйым салу туралы қаулы шығарған.
Қазіргі уақытта аумақтық департаменттердің қарауында жанармай сапасына қатысты 12 өтініш бар. Оның тоғызы Астана қаласына, біреуі Павлодар облысына, екеуі Солтүстік Қазақстан облысына қатысты.
Министрліктің мәліметінше, талаптарды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабында жауапкершілік қарастырылған. Алғаш рет заң бұзғандарға тұлғаның санатына қарай 90-нан 600 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 389,2 мың теңгеден 2,6 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитордың аттестаты, сәйкестікті растау құжаты және өлшем құралдарын тексеруші маманның сертификаты алты айға дейін тоқтатылады.
Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 150-ден 1000 АЕК-ке дейін, яғни 648,7 мың теңгеден 4,3 млн теңгеге дейін айыппұл салынып, аталған құжаттардан айыру шарасы қолданылуы мүмкін.
Сауда және интеграция министрлігі бензин сапасын мұнай өңдеу зауытынан бастап жанармай құю станцияларына дейінгі бүкіл тізбек бойынша тексеріп жатыр. Ведомство азаматтардың өтініштерін қарастырып, әртүрлі өңірлердегі өндіріс орындары мен 17 жанармай құю станциясында тексеру жүргізген.
Қазақстанда бензин сапасын бағалау кезінде октан саны, қорғасын концентрациясы, күкірттің массалық үлесі, шайыр мөлшері, бензол мен көмірсутектердің көлемдік үлесі және басқа да көрсеткіштер тексеріледі. Бұл ретте аумақтық департаменттер өнімді тікелей сату кезеңінде, яғни жанармай құю станцияларында бақылайды.
