ЕО Орта дәлізге 12 млрд еуро инвестиция тартпақ

295
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bLoa59konCy2NPpeZiq0bv0Ln3kczt4DCrvD2SVX.jpg

Еуроодақ Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияны Еуропа нарығымен тікелей байланыстыруға арналған Орта дәлізді дамыту үшін 12 миллиард еуроға дейін инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Report агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл – көлік байланысы саласындағы жаңа халықаралық жоба. Ол Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияны Еуропа нарығымен тікелей байланыстырады. Біз оны Орта дәліз деп атаймыз», – деді ол.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуроодақ бұл жобаға мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту үшін Global Gateway бастамасын пайдаланбақ. Инвестиция көлемі 12 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін.

«Біздің мақсатымыз – бағыттарды әртараптандыру, сауда ағындарын үш есе арттыру және 2030 жылға қарай жүктерді тасымалдау уақытын едәуір қысқарту», – деді Еурокомиссия басшысы.

Сондай-ақ ол Болгария премьер-министрі Румен Радевпен бірлесіп логистика мәселелеріне арналған өңірлік саммит өткізілетінін хабарлады. Оның сөзінше, бұл жиын жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталады.

Фон дер Ляйен мұндай серіктестіктерді дамытуды Еуроодақтың жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын күшейту және экономикалық мүдделерін қорғау қажеттілігімен байланыстырды.

Айта кетейік, Орта дәліздің негізгі артықшылығы – Азия мен Еуропаны Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы байланыстыратын балама транзиттік бағыт болуы.

Бұған дейін Қазақстанның Орта дәлізге 12 млрд доллардан астам инвестиция салуды көздеп отырғанын жазған едік.

评论