Егіндікөлдік ұстаздың «KOSНEN KORPE» жобасы әлемдік рекорд орнатты

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ye41slaqyjgzh9zzFYpKksTFeqwUkcvSFgCaXbXs.jpg

Ақмола облысы Егіндікөл ауданында Егіндікөл ауылының №1 мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Зарина Сәрсенованың жетістігі атап өтілді. Авторлық «KOSНEN KORPE» жобасы әлемдік рекордтар кітабына енгізілді.

Жобаның негізінде ұлттық нақыштағы дәстүрлі қазақ өнері, яғни корпе жасау дәстүрі жатыр. Автор оны ұлттық рәміздер мен ою-өрнектерді біріктірген тұтас композиция түрінде жаңаша пайымдаған. Жұмыста сәндік безендіру мен мазмұндық мән үйлесім тапқан. Ондағы әрбір бейне қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрімен сабақтас.

Композицияның орталық бөлігінде шаңырақ бейнеленген. Қазақ халқында шаңыраққа қатысты «Шаңырағымыз биік болсын» деген ізгі тілек бар. Шаңырақ туған үйдің, отбасының, бірлік пен берекенің символы саналады.

Тағы бір маңызды бейне – қазақ халқының Жеті қазынасының бірі саналатын тұлпар. Дәстүрлі мәдениетте жылқы күш-қуаттың, еркіндіктің, алға ұмтылыстың және адамға адалдықтың белгісі ретінде қабылданады.

Композицияда қыран құстардың бейнесі де көрініс тапқан. Бүркіт пен басқа да жыртқыш құстардың образы дала мәдениетінде айрықша орын алады. Ол еркіндік пен тәуелсіздікті, рухтың беріктігін және биік мақсаттарға ұмтылысты білдіреді.

Аталған бейнелердің барлығы ұлттық ою-өрнектермен үйлестіріле отырып, бір бұйымның бойына жинақталған. Осылайша корпе сәндік-қолданбалы өнер туындысы ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрі, дүниетанымы мен құндылықтары туралы сыр шертетін өзіндік өнер туындысына айналған.

Мұндай жұмысты жасау үлкен көлемдегі қол еңбегін, ұқыптылықты және ұлттық ою-өрнектің ерекшеліктерін терең білуді талап етеді. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Зарина Сәрсенова үшін бұл жобаның педагогикалық маңызы да зор. Мата, ою-өрнек және дәстүрлі бейнелермен жұмыс жасау арқылы оқушылар ұлттық мәдени мұрамен танысып, оны заманауи шығармашылық форматта жаңғыртуға мүмкіндік алады.

Жобаның әлемдік рекордтар кітабына енгізілуі педагог еңбегінің елеулі нәтижесі әрі Егіндікөл ауданы үшін маңызды оқиға болды. «KOSНEN KORPE» дәстүрлі өнердің мазмұнын сақтай отырып, оны заманауи шеберлердің қолымен жаңа сипатта жаңғыртуға болатынын көрсетеді.

评论
其他材料