Құрылтай журналистердің депутаттарға тікелей сұрақ қоюына шектеу қоймақ

682
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zrHrkbiDouqIzkBZLN96Np9iYNnwAl87DZEKVwJA.jpg

Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс істеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Жаңа форматқа сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері депутаттарға тек арнайы баспасөз орталығында сұрақ қоя алады. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков Құрылтайдың екінші отырысынан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, журналистерге Құрылтай ғимаратының ішінде өз бетінше жүруге рұқсат берілмейді. Шектеулі аумаққа тек тиісті адамның сүйемелдеуімен кіруге болады.

Кальянбековтің сөзінше, депутат журналистің сұрағына жауап беруге өзі ниет білдірген жағдайда ғана кездесуге шыға алады. Сонымен қатар БАҚ өкілдері депутаттармен партиялардың баспасөз қызметтері арқылы байланыса алады.

«Егер депутаттың немесе партияның баспасөз қызметінің байланыс нөмірі болса, солар арқылы хабарласуға болады. Фракция мүшелері журналистің сауалына фракция арқылы жауап бере алады», – деді ол.

Құрылтай аппараты өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта журналистердің жұмыс істеуіне қатысты жаңа формат қарастырылып жатыр. Соған сәйкес, алдағы уақытта депутаттарға сұрақ қою тек баспасөз орталығында жүзеге асырылмақ.

Кальянбеков журналистердің депутаттармен жұмыс істейтін орнын мемлекеттік органның өзі анықтайтынын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай тәртіп аккредиттеу ережелерінде қарастырылған.

«Мемлекеттік орган журналистердің депутаттармен жұмыс істейтін орнын өзі белгілейді. Аккредиттеу ережелері бұған мүмкіндік береді. Бұл – Құрылтай дербес қабылдаған мемлекеттік органның ережелері. Олар келіссөз арқылы талқыланбайды», – деді ол.

Журналистер үшін депутаттарға тікелей жүгіну мүмкіндігі маңызды саналады. Бұл тәсіл өзекті мәселеге қатысты жедел түсініктеме алуға, қосымша сұрақтар қоюға және саясаткерлердің ұстанымын нақтылауға мүмкіндік береді.

Ал журналистердің депутаттармен тек баспасөз орталығы арқылы байланысуы іс-шара аяқталғаннан кейін бірден пікір алу немесе жауапты нақтылайтын қосымша сұрақтар қою мүмкіндігін шектеуі ықтимал.

评论