Қырғызстан Ресейден ай сайын 100 мың тонна жанар-жағармай жеткізу туралы келісімге келді

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HgrAcJqSMzP5GbRGsKP8WIvPLpag6PO8KVj18iYc.jpg

Қырғызстан үкіметі Ресеймен елге ай сайын 100 мың тонна жанар-жағармай жеткізу туралы келісім жасасты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Келісім 2026 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Бұл туралы Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуде өткен келіссөздердің нәтижесінде Ресейден жеткізілетін жанар-жағармай нарықтық бағамен сатып алынатын болды. Ресми мәліметке сәйкес, Қырғызстанда тәулігіне шамамен 3,3 мың тонна жанар-жағармай тұтынылады. Оның ішінде 1,8 мың тоннасы – бензин, ал 1,5 мың тоннадан астамы – дизель отыны. Осылайша, ай сайынғы қажеттілік шамамен 100 мың тоннаны құрайды. Жаңа келісім елдің жанар-жағармайға деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жанар-жағармай тапшылығы Ресейде маусым айының соңынан бері байқалып келеді. Осыған байланысты Ресей билігі автомобиль бензинін экспорттауға қойылған уақытша тыйымды 2027 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартты.

Ресейдегі шектеулер Қырғызстандағы жанар-жағармай нарығына да әсер етті. Елде жанармай тапшылығы байқалып, бөлшек сауда бағасы өсті. Бұған байланысты Қырғызстан үкіметі бензин, дизель отыны және автогаздың шекті бөлшек бағасын уақытша белгіледі, сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға уақытша тыйым салды.

Сонымен қатар Қырғызстан билігі Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстаннан мұнай өнімдерін жеткізуге қолдау көрсетуді сұрады. Кейінірек министрлер кабинеті елге Қытай мен Беларусьтен баламалы шикізат жеткізіліп жатқанын хабарлады.

评论